Главная Новости Бір айда екі ақау тапты
Біздің адамдар10 қазан 14:59

Бір айда екі ақау тапты

Бір айда екі ақау тапты Сурет: "ҚТЖ" ҰК" АҚ баспасөз қызметі

Қырқыншы станциясындағы Астана вагон пайдалану депосының техникалық қызмет көрсету қосынында бір жылдан бері еңбек ететін жас вагон қараушы Әнуар Абельдинов бір айда жүк вагондарынан екі күрделі ақау тапты. Көмір тиелген вагондардың бүйір рамасынан ұзындығы мен тереңдігі ауқымды ақау тапқан ол, осылайша болуы мүмкін апаттардың алдын алды.

Бұл туралы техникалық қызмет көрсету қосынының бастығы Әсет Сағындықовтың өзі "Қазақстан теміржолшысы" газетінің редакциясына хабарласып, жағымды жаңалықпен бөлісті. Қарамағындағы вагоншылардың білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыруына мүдделі болып жүретін қосын басшысы Әнуардың жас та болса болашағынан үлкен үміт күттіретін маман екенін, үнемі ізденіс үстінде жүретін, жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтын қасиетін айрықша атады.    

Әнуардың теміржолдағы еңбек өтілі – 5 жыл. Соңғы бір жылда Астанаға арман қуып келіп, аталған станцияда 5-ші разрядты вагон қараушы болып еңбек етуде. Ақтөбенің Мұғалжар өңірінің тумасы, теміржолда вагон шаруашылығы бойынша орта арнаулы білім бар, ал бүгінде жұмыспен қатар жоғары білімді қатар алып жатыр.

Алдыңғы ақауды, яғни  ұзындығы 110 мм, тереңдігі 10 мм сызатты ол бір ай бұрын, 3 қыркүйек күні күндізгі ауысымда жүргенде Екібастұзда құрылған, «Қазтеміртранс» АҚ меншігіне жататын, 2006 жылы «Уралвагонзавод» АҚ-дан жасалып шыққан №1471/1472 транзиттік пойыз вагонының бүйір рамасынан тапты.

Ал екінші ақауды 28 қыркүйекте түнгі ауысымда анықтаған. Кешкі тоғыздарда Қырқыншы станциясына келіп тоқтаған пойыз вагондарында бұл жолы да көмір тиелген екен. Әдеттегі тексеру жұмыстары барысында ол бұл жолы да вагонның бүйір рамасынан ұзындықтары 70-30 мм, тереңдіктері – 10-11 мм екі сызатты көрген.

Бір ауысымда 6-7 адам болып еңбек ететін вагоншылар жұмысы ауысымына қарай күндіз таңғы 9-дан кешкі 9-ға дейін және одан әрі кештен таңға дейін болып бөлініп, жасалады. Қырқыншы станциясында тек жүк вагондарын тексеретін қосын вагоншылары пойыздар келіп тоқтаған 25-45 минут ішінде барлық вагондарды қарап үлгереді. Бір ауысымда орташа есеппен 15-20 пойызды тексеретін вагоншы үшін қашан да білім жетілдіріп отыру маңызды.

«Мектеп бітірген соң теміржол колледжіне түстім, арасында Отан алдындағы борышымды өтей жүріп, вагон шаруашылығындағы жұмысымды ағымды ағытып жөндеу слесарі ретінде Құлсары станциясында бастадым. Міне содан бері теміржолдамын. Елордаға осында тұрақтап, болашағымды байланыстыру, отбасы құрып, армандарыма жету үшін келдім. Теміржолдағы еңбек өтілім аз болса да, көп оқып, үйренуге ұмтыламын. Бұған дейін қыста кішкентай ақау тапқанмын. Ал бұл жолғы күрделі ақау деп анықталып, басшылық сыйақыға ұсыныпты», – деді  Әнуар қуанышы мен мақтанышын жасыра алмай.

Райхан РАХМЕТОВА
 

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: