Главная Новости "Жас өркен" жаңадан өтінімдер қабылдайды
Озық тәжірибе01 қараша 15:32

"Жас өркен" жаңадан өтінімдер қабылдайды

"Жас өркен" жаңадан өтінімдер қабылдайды

"Самұрық-Қазына" АҚ "Жас өркен" бағдарламасына жас мамандардың жаңа легі қабылданатынын жариялайды. Қор мен оның компаниялар тобы бойынша өтетін жобаға өтінімдерді 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап беруге болады.

Өтінімдерді сілтемесіндегі бағдарламаның ресми сайты арқылы жолдауға жоғары оқу орындарындағы бакалавриаттың немесе магистратураның 2017, 2018 және 2019 жылдардағы түлектері қатыса алады. Бұл туралы бүгін Алматы энергетика және байланыс университетінде өткен бағдарламаның таныстырылуы барысында бағдарлама жетекшісі Гүлнұр Жасекенова мәлімдеді. Ол жыл өткен сайын бағдарламаға деген сұраныстың артып келе жатқанын және келесі жылы қатысушылар саны 30-ға дейін өсетінін айтты.

 «Екі жылдан бері «Самұрық-Қазына» АҚ «Жас Өркен» бағдарламасын «Самұрық-Қазына» корпоративті университетімен бірлесе жүргізіп келеді. Осы уақыт аралығында  40 қатысушыға тәжірибе жинауға мүмкіндік берілді. Олардың 20-сы биыл тағылымдама бағдарламасын тәмамдайды. Бұл бағдарламаға деген сұраныс өте жоғары. Мәселен, біз 2017 жылы 594 өтінімді қабылдасақ, ал 2018 жылы бұл көрсеткіш 737-ге дейін артты. 2019 жылы 30 қатысушыны іріктеп алу жоспарланып отыр. Бағдарламаның таныстырылымын еліміздің 11 қаласында және 92 ЖОО-да өткізгелі отырмыз»,- атап өтті Гүлнұр Жасекенова.

Атап өткен жөн, «Жас Өркен» бағдарламасы 2017 жылы бастау алды. Осы жылы бағдарлама аясында жас мамандардың үшінші легі қабылданады.

Іріктеу бірнеше кезеңдік байқаудан тұрады. Одан сүрінбей өткен жастар үшін екі апталық оқыту курсы қарастырылған және оларға бағыт-бағдар беріледі. Бағдарламаның өзі 2019 жылдың қыркүйек айынан 2021 жылдың мамыр айына дейін жалғасады.

Бағдарламаға қатысушыларға ақы төленеді. Олармен 20 айлық еңбек келісімшарты жасалады. Оның аясында тәлім алушылар екі жылдың ішінде 5 ай сайын «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының әртүрлі төрт кәсіпорнында тәжірибелерін шыңдайды. 

«Жас Өркен» бағдарламасының үздік түлектері «Самұрық-Қазына» АҚ коржындық компанияларының бірінде жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: