Главная Новости Жастар жылы ел өмірінде не өзгереді?
Маңызды23 қаңтар 09:55

Жастар жылы ел өмірінде не өзгереді?

Жастар жылы ел өмірінде не өзгереді? Сурет: Қоғамдық даму министрлігінің сайтынан

Биыл ең төменгі жалақы көлемі 29 698 теңгені құрайтын күнкөріс шегінен 1,5 есеге асып, 28 мың теңгеден 42500 теңгеге өсті.

Ашық дереккөздердегі ресми ақпарға қарағанда, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) сомасы 2525 теңгеге ұлғайды. Сәйкесінше айыппұл мен салықты да көбірек төлеуге тура келеді.

Дегенмен, жалақысы 25 АЕК-тен (63 125 теңге) төмен азаматтар үшін жеке кіріс салығы 10 есе төмендетілді.

Сонымен, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, заңнамалық өзгерістер Қазақстан халқынын тұрмыс-тіршілігіне бірқатар өзгеріс әкелді.

Жалақы және зейнетақы мен жәрдемақы жайлы

Жалақы өсімінің бюджеттік ұйымдардың 275 мың қызметкеріне шарапаты тимек. Мұғалімдердің, дәрігерлердің, құқық қорғау, қорғаныс саласы қызметкерлерінің жалақысы 35 пайызға артып, Мемлекет басшысы бұл мақсаттарға 2019-2021 жылдарға қазынадан жыл сайын 906 млрд теңге бөлудің қажеттілігін нұсқады.

2019 жылдағы мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі көлемі 16 037 теңге болса, жалпы ең төменгі зейнетақы 36 108 теңгені құрамақ.

Бірақ әйелдердің зейнет жасы тағы жарты жылға ұлғайып, үстіміздегі жылы олар 59 жасқа келгенде ғана құрметті демалысқа шыға алады. Түпкі меже – 63 жас, яғни 2027 жылы ерлермен теңесу. Бұл жерде көпбалалы аналардың ертерек, 53 жастан бейнетінің зейнетін көруге иек арта алатынын атап өткен жөн.

Еңбек кітапшалары электронды болады

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтар біртіндеп электронды еңбек кітапшасын қолдана бастайды. Жалпы мемлекеттік қызметті онлайн тәртіпке көшіру үдерісі жоғары қарқынын жоғалтпай, 80 пайыздық белесті бағындырмақ.

Жаңа салық – Бірыңғай жиынтық төлемге арналған шот ашылды

Жаңа жылдан бастап Қазақстанда Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) енгізілді.

Бірыңғай жиынтық төлем қала тұрғындары үшін 1 АЕК және ауылдық елдімекендердің тұрғындарына (тұрғылықты жері бойынша тіркелгеніне сәйкес) 0,5 АЕК көлемінде есептелетін болады.

Бүгінгі таңдағы бірыңғай жиынтық төлемнің құрамы:

10% - жеке табыс салығы;

30% - Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынаа аударылатын зейнетақы жарналары;

40% - Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылатын жарна;

20% - Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударым.

Ұялы телефонды тіркеу жайлы

Бірден ашығын айту керек, әзірге қолтелефондарды жаппай қолданыстан ажырату жағдайлары естілмеді. Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ, байланыс құрылғысының IMEI нөмірін өзіңіздің ЖСН нөміріңізге тегін негізде бекітуге салғырт қарамаңыз. Ол үшін сим-картаңызға жауапты байланыс операторына ЖСН нөмірін SMS арқылы жіберу қажет.

Бизнесмендерге рақымшылық

Биыл, сондай-ақ, Елбасы тапсырмасымен Қазақстанда салық амнистиясы жүргізіледі. Ізгілік шарасының 340 миллиард теңге қарызы бар 90 мың кәсіпкерді қамтитыны көзделуде. Бұл мүмкіндікті пайдаланып қалу үшін кәсіпкерлік тарапы 2018 жылдың 1 қазанына дейінгі негізгі қарызын 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін өтеуі керек. Сонда ғана бизнес иесінің қордаланған берешегінің бүкіл өсімақы мен айыппұлы жойылмақ.


Балалардың шетелдік төлқұжаты бойынша

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 16 жасқа дейінгі балалардың шетелге шыққанда жеке төлқұжаты болуы міндетті. Әріптестеріміздің жазуынша, әлемдік төлқұжат-визалық бақылау қауымдастығы талаптарының күшейтілуіне байланысты заңға өзгерістер енгізілді. Бұған себеп – лаңкестік қауіп-қатердің күшеюі.

Автокөліктің техникалық төлқұжаты жаңарады

Қазақстанда 1 қаңтардан бастап техникалық төлқұжаттың жаңа үлгісі кредиттік карта көлемімен бірдей шағын кейіпке еніп, оған арнайы жеке куәліктегі сияқты чип орнатылмақ. Бұл дегеніңіз, жол полициясы тоқтатқанда, жүргізуші мен оның темір тұлпарын электрондық ақпарат қоры арқылы тексере береді. Ескі техникалық төлқұжатпен келесі жолы ауыстырғанша жүре беруге болады.

Мұндағы тағы бір жаңашылдық, қазақстандық автокөлік тізгіндеушілер үшін жаңа жылдан онлайн сақтандыру қызметі ұсынылатындықтан, енді қағаз полисті тасып әуре түспейсіз.

Тәртіп сақшыларының қызметі «түрленеді»

Үстіміздегі жылы Ішкі істер министрлігі өзін реформалауға кіріседі. Тіпті аталған мақсатта Жол картасы әзірленіп қойған екен. Мәселен, полиция қызметкерлерінің қатары сиреп, үнемделген қаржы жалақы жағы жоғарыламақ. Баспанамен қамту сынды әлеуметтік түйткілдер де тарқатылып жатса ғажап емес дегенге келтіреді сарапшылар. Барлық тәртіп сақшылары аттестациядан өтіп, кадр дайындау жүйесі жетілмек. Халықпен жұмыс жақсарып, полиция формасы да сервистік сипатта көзге жылыұшырайтындай жұмсара түседі деп жоспарлануда.

Шылым шегушілерге «соққы»

Жаңа жылдан бастап темекі қымбаттады. Ең арзан темекінің 20 данадан тұратын бір қаптамасы 380 теңге болады деп күтілуде.

Жылжымайтын мүлік саласында

ПИК-тер (пәтер иелері кооперативі) бұдан былай «бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» қағидасы бойынша Меншік иелері бірлестігі (МИБ) болып жұмыс істейді. Күрделі жөндеуге ақша жинау қоры құрылып, қаржы пирамидасын құрудың алдын алу мақсатында тұрғын үй кооперативтері жойылмақ.

Электр және жылу энергетикасы, су және газбен қамту, кәріз, телефон байланысы мен интернет қызметтерінің тарифтері арзандайды. Сонымен қатар Үкімет ПИК тарифтерін де қайта қарамақ.

Кейін сатып алынатын жалдамалы үй салынбайды деген шешім қабылданып, мемлекеттен баспана алуға кезекке тұрғандар саны қысқартылады, яғни әлеуметтік аз қамтылған азаматтар 19 санаттың орнына 8 топқа ықшамдалады:

1) ҰОС ардагерлері мен мүгедектері;

2) жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар;

3) ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірілген азаматтар; 

4) 1-, 2-ші топ мүгедектері; 

5) мүгедек баласы бар немесе мүгедек бала асырап отырған отбасылар; 

6) ҚР Үкіметі бекіткен сырқаттар тізімінде бар созылмалы ауыр аурумен ауыратын азаматтар;

7) көпбалалы отбасылар;

8) мемлекеттік немесе қоғамдық міндетті, әскери қызметті орындап жүріп, ғарыш кеңістігіне ұшу кезінде немесе ұшуға дайындық барысында, адам өмірін құтқару кезінде, қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде қайтыс болған азаматтардың отбасы.

Тәңірберген АРҒЫН
 

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: