Главная Новости Қазақ теңіз көлік флотына - 20 жыл
Маңызды11 қазан 10:32

Қазақ теңіз көлік флотына - 20 жыл

Қазақ теңіз көлік флотына - 20 жыл Сурет: "ҚазМұнайГаз" АҚ баспасөз қызметі

«Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясының ірге тасының қаланғанына 20 жыл толып отыр. Осыған орай Компания қабырғасында салтанатты шара ұйымдастырылды деп хабарлайды «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

Қонақтарға компания қалыптасуының, теңіз операциялар базасы құрылуының, жаңа кемелермен толықтырылуының 20 жылдық тарихын баяндайтын деректі фильм көрсетілді. Осы кезең ішінде кеме қатынасы компаниясы еліміздің іргелі күретамырының біріне айнала білді. Компания өзінің басты мақсаты болып табылатын Каспий, Қара теңіз және Жерорта теңізі бассейндерінде отандық теңіз флотын құру, мұнай және мұнай өнімдерін әлемдік нарыққа тасымалдау, сондай-ақ отандық кеме жөндеу базасын қалыптастыру ісінде біраз жетістіктерге жетті. Компанияның танкерлері халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай және мұнай тасымалдау үшін оларды Chevron, NCOC, Shell, Exxon Mobil, Total сияқты жетекші халықаралық энергетикалық компаниялар мақұлдады. Жеке кемелері пайда болған кезге дейін Қазақтеңізкөлікфлоты жалға алынғандарды пайдаланды. Компания үшін бұл кезең тәжірибе жинақтау кезеңі болды. Теңіз сауда кемелерімен жұмыс жасады, теңіз арқылы тасымалдаудың ерекшелігімен танысты. 


ҚТКФ бас директорының коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары Айдар Оржанов компанияда 2001 жылдан бері еңбек етіп келеді. Компанияның қалыптасу, даму кезеңдері есінде. Оның айтуы бойынша, компания қызметі екі бөлмеден тұратын шағын кеңседен басталды. Ұжымда бар болғаны төрт адам жұмыс жасады. Жеке флоты болған емес. Ал бүгінде компанияның офисі Ақтау қаласының орталығында орналасып, қаланың ең көрікті және заманауи ғимаратының бірі болып саналады. 


«Қазір біздің флотымыз үлкен, онда шамамен 250 адам еңбек етеді. Проблемаларымыз жоқ деп айтуға болады. Бұрын біз кеме компанияларының тіпті табалдырығынан аттай алмайтын едік, ешкім кіргізбейтін жағдайлар болды. Өйткені ҚТКФ туралы ешкім білмеді. Қазір бізбен санасады, құрметтейді. Бұрын біз тек Каспий теңізінде ғана жұмыс істеп, ашық теңіздер туралы армандаған болсақ, енді қазір біз Каспийдің көшбасшылары атанып, кемелеріміз Жерорта және Қара теңіздерінде, Англияда, Түркияда жүреді. Бизнестің ауқымы да, флотымыз да кеңейді. Келешекте кемелер санын 50-ге жеткізуді жоспарлап отырмыз», – дейді Айдар Оржанов. 


Жиырма жыл ішінде Қазақтеңізкөлікфлоты Каспий теңізінде 70 млн тоннадан астам және ашық теңіздерде 32 млн тоннадан астам мұнай тасымалдады. Қазіргі уақытта ҚТКФ Қазақстандағы ең ірі және заманауи флоттың иесі: 26 кемесі бар, соның ішінде 8 танкер (Каспийде – 6 және Қара теңізде – 2), 3 мамандандырылған және көпфункционалды кеме. Бұдан басқа, теңіз операцияларын қолдау қорында 16 буксир және баржа-алаңдары бар. 


Ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы Каспий теңізі арқылы мұнай құйылған жүктерді тасымалдаумен ғана айналыспай, мұнайдың апатты төгілуін жою бойынша қызметтер көрсетеді. ҚТКФ 2016 жылдан бастап «Теңізшевройл» компаниясымен келісімшарт жасап, «Теңізшевройлды» болашақта кеңейту жобасы шеңберінде ірі габаритті модульдерді тасымалдаумен айналысуда. Бұдан бөлек, компанияның флоты контейнерлерді тасымалдауға арналған кемелермен үнемі толықтырылып отырады. 


ҚТКФ өңір бюджетін толықтыруда да көш бастап тұр. Жұмыс жасау жылдары ішінде мекеме кірісі жалпы 272 млрд 604 млн теңгені құрап, бюджетке 6 млрд теңгеден астам корпоративтік табыс салығы аударылды. Экономикада болып жатқан келеңсіз жағдайларға қарамастан, Қазақтеңізкөлікфлоты өндірістік қызметтің оң қаржылық нәтижесін көрсетіп келеді. Осы деректі өз құттықтау сөзінде Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов та атап өтіп, компанияның өңірдің ең ірі салық төлеушісі екендігіне баса назар аударды. Сондай-ақ, Е. Тоғжанов Каспий теңізіндегі мұнай кен орындарын игеру бойынша алдағы уақыттағы жобалардың жұмысындағы зор әлеуетін де атап айтты. 


«Контейнермен тасымалдау қажеттілігі 2020 жылға дейін 60 есеге ұлғаяды. Қазір компанияларыңыз Қашаған бойынша ауқымды жобаны жүргізіп келеді, Сіздерге үлкен жүк артылып отыр. Осы жоба іске асырылған кезде Сіздердің ірі танкерлеріңіз бұл жұмысқа тартылатын болады. Компанияларыңыздың болашағы зор, маңызды әлеуетті мүмкіндіктері көп. Бұл жайында Қазақстан Президенті үнемі айтып жүреді. Сондықтан бізге жаңа мамандар мен тың технологиялар қажет. Көрші мемлекеттердің, соның ішінде Баку қаласының порттары Қазақтеңізкөлікфлотын Қазақстанның теңіз әлеуетіндегі ең мықты компания екенін мойындап отыр. Сіздерге атқарған жұмыстарыңыз үшін және еліміздің беделін арттырып жүргендеріңіз үшін алғысымды білдіремін», – деді өңір басшысы. 

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: