Главная Новости Мамандығы бойынша таңдаулы
Біздің адамдар09 қазан 10:57

Мамандығы бойынша таңдаулы

Мамандығы бойынша таңдаулы

Жас та болса кәсіби белестерді бағындырғандардың бірі - «ҚазТрансОйл» АҚ Павлодар мұнай құбыры басқармасына қарасты «Екібастұз» мұнай айдау станциясының апатты қалпына келтіру пунктінің шебері Арман Юсембаев.         

1989 жылы Павлодар қаласында дүниеге келген Арман Ақанұлы жеті жыл бұрын Павлодар мемлекеттік университетін машина жасау мамандығы бойынша тәмәмдап, «Степное» мұнай айдау станциясына желілік құбыршы мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан. Негізгі жұмысы магистральды мұнай құбырларына техникалық қызмет көрсету және жөндеуге бағытталған.

«Алғашында мұнай тасымалы кезінде түрлі апаттарды жою барысында түсінбейтін жағдайлар көп болатын, кейіннен барлығын меңгеріп, өзіме жүктелген тапсырмаларды тиянақты орындай бастадым», - дейді ол.

Шынымен де, ақауларды жоюшылар үшін жыл он екі айдағы кез келген ауа райы қолайсыздығы көлденең тұра алмайды. Яғни қақаған аязда бен аптап ыстыққа, ауа райының қолайсыздығына қарамастан құбырдағы апатты, иә болмаса кез келген бұзылысты уақытында жою шарт. Себебі еліміздің стратегиялық арнасындағы мұнай тасымалы процесінің тоқтап қалу қаупін болдырмау қажет. Сондықтан да бірінші кезекте жылдам әрі кәсіби қимыл  тұрады.

«ҚазТрансОйл» АҚ-да еңбек еткеніме биыл алты жыл. Бұл біз секілді жас мамандар үшін аз мерзім емес. Осы уақыт аралығында аға буыннан үйренгенім көп, әлі де үйренерім жетерлік», - дейді биыл «Екібастұз» МАС-та шебер лауазымына көтерілген Арман Юсембаев.

Арманның қызмет сатысында жоғарылауы да тегін емес. Ол компаниядағы алты жыл ішінде бес жыл қатарынан «Мамандығы бойынша таңдаулы» байқауына қатысып, жүлделі орындардан көрінген. 2016 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың қолынан «Үздік маман» медалін алды. Былтыр Ресейдің Омбы қаласында өткен «Үздік маман» конкурсына дублер ретінде қатысса, биыл Павлодар мұнай құбыры басқармасында өткен шеберлік бауқауында желілік құбыршы мамандығы бойынша мерейі үстем болды.  

Арман қарапайым қазақ отбасында тәрбие көрген. Әкесі Ақан Юсембаев ішкі істер саласында қызмет атқарып, зейнеткерлікке шықса, анасы Күмісай Әбдікәрімқызы Павлодар қаласындағы Олимпиадалық резерв мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Бауыры Шыңғыс Тілеукенов - бірінші курс студенті.

«Арман кішкентай кезінен өте еңбекқор, ұқыпты болды. Алға қойған мақсатына жетпей тынбайтын, кез келген істі уақытында істеу керек деген мақсат ұстанды. Сол қасиеті мұнайқұбыршы болуға жетелеген болар», - дейді анасы ағынан жарылып.

Кәсіби жұмысын жоғары деңгейде орындап жүрген Арман Ақанұлы бос уақытында велосипедпен Ертіс өзенінің жағалауында серуендеуді ұнатады екен. Өмірлік хоббиі де сол. Вахталық әдіспен еңбектенетін ол демалыс күндерінде қос дөңгелекті көлігін тақымдап, таза ауамен тыныстап сергігенді ұнатады. Айтпақшы, жақында әжесінің еркесі жұп құрып, шаңырақ көтермек.

Бейбіт БӨЖЕН

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: