Главная Новости Менің еңбек жолым!
Біздің адамдар04 қазан 11:20

Менің еңбек жолым!

Менің еңбек жолым! Сурет: "Самұрық-Энерго" АҚ баспасөз қызметі

Елжас Ержанұлы Талқанов «Алматы электр станциялары» АҚ Жылу-электр орталығы (ЖЭО) цех бастығының пайдалану жөніндегі орынбасары болып еңбек етеді. Кейіпкеріміз өз мамандығын кездейсоқ таңдамағанын, бала кезден ондай мақсат жүрек түпкіріне ұялағанын айтады.

 - Мектепте жүрген кезден-ақ «кәсібің – нәсібің» деп бәріміздің қайта-қайта құлағымызға құятын. Енді міне, өзім таңдаған мамандығым бойынша жұмыс істеп жүріп, бұл сөздердің мағынасына терең сезіне бастадым. Өз кәсібін таңдай жүріп, адам содан кейінгі өмір жолын да айқындайды екен.  

Үйіміз ЖЭО-на жақын орналасқандықтан, моржаларын күнде көретінмін, онда не болып жатқаны мен үшін қызық болатын. Болашақ мамандығымды таңдауыма мүмкін осының ықпалы болған шығар, оның үстіне ата-анам да ЖЭО-да жұмыс істейтін. Ұзақ ойлана келе, мептеп бітіру емтиханында физика пәнін таңдадым. Сөйтіп, энергетик болуға нық шешім қабылдадым.

Қазір Алматы ЖЭО-2 қазандық цехы бастығының пайдалану жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеймін. Еңбек жолым біртегіс болды деп айта алмаймын. Оқуымды Алматы энергетика және электрондық прибор жасау колледжінде «Жылу электр станциялары» (ЖЭС) мамандығы бойынша бастадым.

ЖЭО-да тәжірибеде болғанымызда маған бәрі де ерекше болып көрінетін.  Бұл – әрбіріміздің үйімізге электр қуатын беретін орын, ал бұл іске біздің тікелей қатысымыз бар. 

Колледжді аяқтап, «инженер-жылу технигі» дипломын алдым.  

Еңбек жолым өндіріс ошағында басталды. Кәсібіңнің қыр-сырын жетік меңгеріп, механизмнің әрбір бөлшегін ұғыну үшін жұмысты ең төменгі буыннан, қатардағы жұмысшыдан бастау керек. 2005 жылы қазандық цехына багерлі насос станциясының мотористі болып орналастым. Бір жыл өте негізгі қондырғыларды тексеретін машинист болдым. Уақыт өткен сайын тәжірибе жинақтадым, Борис Пастернак айтқандай «Әр нәрсенің байыбына терең үңіліп, үнемі ізденісте болдым». Бұл жол бірден-бір дұрыс жол екеніне еш күмәнім болмады. 2008 жылы, тексеруші-машинист жұмысында мол тәжірибе арттырып, орталық жылу басқару қалқанының 7 разрядты машинисті болдым. Осында алған тәжірибем маған адамдармен жұмыс істеуге, жылу энергиясын өндіру технологиясының барлық сатысын жете білуге көмектеседі.

Адам өз ісін жетік білсе, өзін қашан да еркін сезінеді емес пе? Содан соң инженер-технолог болып қызмет атқардым. Бұл терең білімді талап ететін өте жауапты лауазым. Сондықтан ережелер, қағидалар, нұсқаулықтар, нормативтік актілер, ГОСТ, СНиП секілді құжаттарды, ЖЭО-2 басшылығының қазандық цехының жұмысына тікеле қатысты бұйрықтарын, актілерін, өкімдерін зерделеп оқи бастадым. Жұмысқа әбден берілгенім сонша, басшылықтың білдірген сенімін, ата-анамның үкілеген үмітін ақтауды, маған қолдау білдірген дос-жарандарымды жерге қаратпауды ойлайтынмын. 

Араға уақыт сала, білімімді шыңдау мақсатында Алматы энергетика және байланыс университетіне оқуға түсіп, жылу энергетикасының бакалавры  дипломын алдым. Оқу маған қиынға соққан жоқ, өйткені болашақ мамандығым бойынша тәжірибем болатын. Мұнымен де тоқтамай, 2013 жылы осы университеттің магистратурасын аяқтап, техника және технология магистрі дәрежесіне ие болдым. Білімімді шыңдап алып, жұмысымды әрі қарай жалғастырдым. 

2015 жылдан бастап қазандық цехы бастығының пайдалану жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарудамын. Қолымнан не келетінін өзіме дәлелдей алғаныма қуаныштымын. Жұмысым, оның шағын ғана бөлшегі  - электр жарығы, «білім жарығы» әрбір үйде болғаны өзіме ұнайды. 

Өз ісін жетік білетін, тәжірибесімен бөлісіп, үйретуден жалықпайтын адамдар менің еңбек жолымда  көптеп кездесті. 18 жасымнан бастап орталық жылу қалқанының 7-разрядты машинисті Аббас Тұрәлімұлы Изизовпен бірге жұмыс істедім. Сол кісінің арқасында жұмысқа тез бейімделіп, қауіпсіздік ережелерін меңгердім. Аббас Тұрәлімұлы қазандықтың, цехтағы негізгі және қосалқы жабдықтардың жұмысы туралы маған жалықпай айтып отыратын. Электр станциясының ауысым бастығы Нұртаза Ысмайылұлы Ысқақов тұтас алғанда жылу электр станциясының жұмысын ұғынуыма  себепші болды. Менің сансыз сұрақтарыма ол қашан да сабырлықпен жауап қайтарып, қабақ шытқан емес. Маған үйрету үшін ұстаздарым қаншама төзімділік, еңбек, күш-қайраты мен білімін жұмсады десеңізші. Бұл жандарға деген алғысым шексіз. Олардың асқан шеберлігі, өз ісіне шын берілгендігі маған әркез үлгі болады.

Сол 2015 жылы әріптестеріммен бірге күл қалдықтарының екінші секциясын консервациялай отырып, бірінші секциясын іске қостық. Мердігер ұйыммен бірлесе сегізінші қазандық агрегатты пайдалануға тапсыруға тікелей қатыстық.    

Константин Ушинскийдің «Адамның өмірі – оқумен» деген сөздері ойыма оралады, сондықтан кадр резерві аясында «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау», «1С: ТҚжЖ (техникалық қызмет көрсету және жөндеу), «Үнемді кәсіпорын» дайындық бағдарламалары бойынша оқуды аяқтадым. Алған білімім жұмыста ғана емес, күнделікті өмірде де кездесетін қилы мәселелерді шешуге көмектеседі, өйткені білгенің артық емес қой.

Өзімнің осындай үлкен, халыққа қажетті іске қатысым бар екенін жиі ойлаймын, сол кездері өз кәсібім үшін, осы жұмыстың бас-қасында жүрген адамдар үшін бойымды мақтаныш сезімі кернейді. Ойымды қорыта келе, Олег Захаровтың мына бір сөздерімен түйіндемекпін: «Энергетик сөзі – мен үшін сенімділіктің, адал еңбектің, өз ісіне шынайы берілгендіктің нышаны. Жұмысқа басқаша көзқарас болуы мүмкін де емес, өйткені біз ұлы мұрат жолында еңбек етеміз, халқымыздың әл-ауқаты артуына және Республикамыздың дамуына жауаптымыз».

 

 

 

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: