Главная Новости Өнертапқыштың жаңа туындысы: сақтансаң, сақтайды!
Үнемді өндіріс11 қазан 12:35

Өнертапқыштың жаңа туындысы: сақтансаң, сақтайды!

Өнертапқыштың жаңа туындысы: сақтансаң, сақтайды! Сурет: "ҚазТрансОйл" АҚ баспасөз қызметі

Бұған дейін электронды қақпа мен бесік ойлап тауып, көпшіліктің көңілінен шыққан Бағдат Лақбаев жақында жаңа туындысымен елең еткізді. Ол мұнай құбыршыларымен қатар, жалпы өндіріс саласында жұмыс істейтін адамдар үшін еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ететін дыбысты ескерту жүйесін ойлап тапты.

«Бұл менің әріптестерім үшін қажетті дүние. Әрине жасалуы өте қарапайым, ал оның пайдасы көп боларына сенімім зор. Не жасасам да оның «адамдарға пайдасы қандай болады» деген сұрақты іштей талқылап алатын әдетім бар. Себебі жұмыстағы еңбек қауіпсіздігі бірінші кезекте адамдардың өмірі үшін қажетті ережелер болып табылады. Әркімнің үйінде күткен туған-туысқандары бар. Компания басшылығы да бізге күнделікті жұмысымызды еңбек қауіпсіздігі ережелерін  назардан тыс қалдырмай бастауды талап етіп отыр ғой», – дейді «ҚазТрансОйл» АҚ Шымкент мұнай құбыры басқармасы Жуантөбе мұнай айдау станциясының электр-газбен дәнекерлеушісі Бағдат Лақбаев.  

2016 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбек және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «16 алтын қағида» бекітілген болатын. Бұл  мұнай құбыршыларының күнделікті жұмыс барысында өмірлерін тәуекелге тікпеу мен түрлі қауіпті жағдайлардың алдын алуға бағытталған шаралар топтамасы.

 

«Менің ұсынысым өте қарапайым қондырғыдан тұрады. Арнайы «флэшкаларға» қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде он алты қағидаттың аудио нұсқасы жазылған. Оны білгісі келген адам қажетті тілді таңдап, дыбысты ескертуді тыңдай алады. Қазіргі күні аталмыш қондырғыны жетілдіру үстіндемін. Толықтай аяқтағаннан кейін назарға ұсынатын боламын. Менің ойымша мұндай қондырғыны кез-келген құрылымдық бөлімшенің ғимаратына, қызметтік көліктерге, әсіресе автобустарға орнатуға болады. Себебі біздің арамызда қажетті болса да, «бәрінбілемдікке» салып, ережелерді оқығысы келмейтін адамдар бар. Автобустарда орнатылса, кез-келген жұмысшының керекті қағидатты тыңдауына мүмкіндік болады», - дейді ол.

Бағдат он алты қағидатты сөйлетпек бұрын жекелеген қондырғыларға дыбыстық ескерту жүйелерін орнатуды көздегенін айтады. Мәселен шарыққа (автоматты қондырғыға орнатылған қайрақ) осындай ережелерді орнатқан. Яғни шарықты іске қосқан уақытта, ол бірден жұмыс істемейді. Ең бірінші автоматты түрде «қауіпсіздік көзілдірігін киіңіз және қауіпсіздік ережесін сақтаңыз» деген дыбыстық ескерту жасайды. Одан кейін барып іске қосылады. Бұл шарықты пайдаланғысы келген кез-келген адам үшін орынды ескерту болатындығы сөзсіз.

Жалпы Бағдат Лақбаев бала күнінен өнертапқыштықпен айналысуға бел буған. Түрлі байқауларға қатысып жүлде алған ол, алдағы күндері де жұмыстан тыс бос уақытында мұнай тасымалы саласына қажетті дүниелерді ойластыратынын сеніммен мәлімдеуде. Мәселен, егер қажетті материалдар табылып жатса, электр-газбен дәнекерлеушінің көмекші роботын құрастыруды ойластыруда. 

«Бала күнімнен көңілім ауған өнертапқыштық өнерімді әрі қарай ұштай бергім келеді. Бүгінге дейін жеткен жетістіктерім аз емес, дегенмен көп дүниелер ойымда бар. Соларды жасауға бел буып отырмын. Жалпы өз  туындыларыма патенттік құжаттар дайындауға қолғабыс етіп жүрген әріптес-ағам Мұхатов Ғалымжан мен жалпы Шымкент мұнай құбыры басқармасы ұжымына алғыс білдіргім келеді», - дейді Бақытжан Лақбаев.

Бейбіт БӨЖЕН

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: