К 30-летию Независимости Казахстана | 04 қазан 12:35

Samruk-Kazyna Construction алаяқтарға қатысты ескерту жасады

Соңғы уақытта «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басшылары не жұмыскерлері атынан белгісіз біреулердің мессенджерлер арқылы (Telegram, WhatsApp) түрлі хабарламалар жіберуіне қатысты алаяқтық іс-әрекеттер жиілеп кетті. Әр түрлі нәрселерді өтініп жазған хабарламалар басшыларға, жұмыскерлерге, туыстары мен таныстарына толассыз түсіп жатыр.

Келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында мұндай сипаттағы хабарламаларға мүлдем жауап бермеуіңізді, ондай жағдай орын алса сәйкес қауіпсіздік қызметтеріне хабарлауыңызды өтінеміз.

Бұлар тек алаяқтардың іс-әрекеттері ғана емес, компания жұмысына, оның маңызды бастамаларының жүзеге асырылуына кедергі келтіруге тікелей бағытталған бопсалау болуы мүмкін. Алаяқтар осындай іс-әрекеттер арқылы тәртіпсіздік орнатып, компания қызметіне, оның басшылығына деген қоғамның сеніміне қая түсіруге тырысуда.

Телефоныңызға түскен хабарламаларға жауап берместен бұрын мұқият тексеріп алуыңыз қажет. Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, алаяқтардың арандатуына мән бермеуіңізді сұраймыз.

Samruk-Kazyna Construction баспасөз қызметі