Кәсіби мереке қарсаңында марапат алғандардың бірі – Ғалымжан Есқалиев. Ол 15 жылдан бері Қаражанбас кен орнында инженер-технолог болып қызмет етеді. Жұмыс істеген жылдар ішінде Ғалымжан бірқатар экологиялық жобалардың басы-қасында болып, қоршаған ортаны қорғау шараларына атсалысқан. Сондай-ақ ол мектеп және ЖОО студенттеріне арналған «Экологиялық смог» тақырыбындағы оқу құралының авторы. Ғалымжан Есқаливетің бұл туындысы облыстағы білім беру мекемелеріне таратылып, көршілес облыстардан сұраныс артқан.
«Жыл өткен сайын қоршаған ортаны қорғау жанданып келеді. Кен орнына алғаш қадам басқан жылдары экологиялық жағдай көңіл көншітпейтін еді. Басшылықтың ерекше назар қойып, көңіл аударуының арқасында біршама жұмыс істеліп жатыр. Табиғат жанашыры ретінде әр жобаның нәтижелі болуына бар күш-жігерімізді жұмсаймыз», – деді Ғалымжан Есқалиев.
Орталық кеңседе қоршаған ортаны қорғау бөлімі мен кен орнында қоршаған ортаны қорғау тобы жұмыс істейді. Компанияда жалпы саны 13 инженер-эколог бар.
«Мен 5 жылдан бері өндіріс алаңындағы қалдықтар бойынша құжаттармен айналысамын. Бұдан бөлек кеңседе қолға алынған экологиялық шаралар мен акцияларға үнемі қатысамын. Мереке қарсаңында еңбегіміз еленіп, басшылықтан марапат алғаныма өте қуаныштымын. Алдағы уақытта да экологияның жақсару жолында тынымсыз еңбек ете беремін», – деді инженер-эколог Нұршат Кайроллаева.
«Қаз Мұнай Газ» ҰҚ» АҚ 2021 жылды «Экология жылы» деп бекітті. Осыған орай Қоғамда «Жасыл кеңсе» жобасы жүзеге асып жатыр. Бұдан бөлек қоршаған ортаны қорғау бойынша кен орнындағы және теңіз жағасындағы қоймаларды жою мен ескі мұнай қалдықтары төгілген жерлерді тазалауға ерекше көңіл бөлініп отыр.
(«Қаражанбасмұнай» АҚ facebook парақшасынан)