Нұрлан Жақыпов: ➤ 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қор басқаруындағы активтер 88 миллиард долларды құрағанын айтты.
Ауқымды инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыру жалғасуда. Биыл 3,3 триллион теңгеге 16 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Атап айтқанда, Мойынты – Қызылжар, Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желілерінің құрылысы, Қашағандағы газ өңдеу зауыты, Алматы екінші жылу электр орталығын жаңғырту, гибридті электр станциясын салу және Каспий теңізінің табанына талшықты-оптикалық желі төсеу жобалары қолға алынған.
Бұл бастамалар еліміздегі көлік, энергетика және цифрлық инфрақұрылымды нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді. ➤ Қор жобалары ұжымдық әлеуметтік жауапкершілік аясында жылына шамамен 1 миллион қазақстандыққа қолдау көрсететіні жөнінде баяндады.
Бұдан бөлек, «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық экологиялық акциясы шеңберінде ел аумағы бойынша 5 миллион көшет егу көзделген. Бұл ретте 2024-2025 жылдары 5,8 миллион ағаш отырғызылған.