"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясында сатып алу саласындағы құқықбұзушылықтарға жол бермеу жөніндегі жұмысты күшейту, сондай-ақ "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ компаниялар тобы бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатын көздеген кездесуді департаменттің бас маманы Жанна Шыртанова ашып, жүргізіп отырды. Сыбайлас жемқорлықтың өзекті мәселе екендігін айтып, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік таныту қажеттігін қаперге берген ол:
"Жемқорлық дегеніміз лауазымын пайдалана отырып, оны жеке бас мүддесіне пайдалану болып саналады. Тәжірибе көрсеткеніндей, жемқорлық мемлекеттік басқару жүйесін бұзады, экономиканың дамуына шектеу қояды, әсіресе, экономика саласында ұйымдасқан қылмыстың өршуіне мүмкіндік береді. Алайда, көп жағдайда осындай қадамға баруға лауазымды қызметкердің өзі себеп болады. Сондықтан, заң бойынша алушы да, беруші де жауапкершілікке тартылады. Барлық қызметкерге айтарым: сақ болыңыздар, біреудің арбауына түсіп, сөзін сөйлеп, жағымсыз жайттарға соқтыратын іс жасамаңыздар. Мұның арты қылмыстық жауапкершілікке апаратынын естен шығармау керек", - деді ол.
Жиналыста Ақтау қалалық Бекет ата мешіті имамының орынбасары Іздібай Қобланов дәстүрлі Ислам дінінің құндылықтарына тоқталып, жемқорлық туралы хадистерден үзінді келтірді.
"Қоғамның дертіне айналған бұл келеңсіздіктің етек алып отырғаны бәрімізді қынжылтады. Пара беріп-алудың күнәсі өте ауыр. Біреудің ала жібін аттау кісілікке де, имандылыққа да жатпайтын озбырлық. Баршамыздың негізгі мақсатымыз — сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оны болдырмау. Осындай басқосулар, талқылаулар арқылы мұны жолға қоюға болады деп ойлаймын", - деп сенім білдірді мешіт қызметкері.
Жиналыс барысында тақырыпқа орай бейнефильм көрсетіліп, қызметкерлердің сауалдарына жауап берілді.