К 30-летию Независимости Казахстана | 18 желтоқсан 09:04

Ұлттық компанияларда тәжірибе жинау қандай-ды

Бүгінде "Самұрық-Қазына" қорындағы "Жас өркен" бағдарламасының 2018 жылдан қатысушылары тәжірибе жинаудың ақтық сатысы -  төртінші кезеңге кірісу үстінде. Одан бұрын оларға саналуан бағытта оқу ұйымдастырылды. Соның біріне SK News тілшілері де қатысып қайтты.

Апта бойы жалғасқан тренингтердің біз барған сабағы қаржыгер емес тағылымдамадан өтушілерге экономиканың қыр-сырын қаузауға арналды.

Тәуелсіздік күніне орай Басқарма төрағасы қолынан марапат алған тренер Салтанат Сәтжан "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорында экономикалық талдаумен айналысуда. Сонымен қатар, 2015 жылдан бері, күнделікті бос уақытында және демалыс күндері негізгі жұмысынан тыс бизнес-дәрістер оқуда.

"Жас Өркен" жастары үшін екі күнге қуана арнайы демалыс алдым. Себебі көзі жанып тұрған, білімге құмар жас толқынмен күшті қуатпен алмасып, шабыттанып қаласың. Сондықтан ұсыныс жасағанда, бірден келістім. Шараға жиналған жан-жақты, қазіргі түрлі жас кәсіп иелерімен сұхбаттасу қызық болды. 14 жасөркендіктің бәрі белсенді: инженер, физик, химик немесе айтишниктің сауалдары да өзгеше. Есептерді шешуде жүйелі көзқарас та, жүйрік қиял да байқалады", - дейді Салтанат.

Оның айтуынша, бүгінгінің талабы сол, әмбебап мамандарға жұмыс беруші  тараптан сұраныс жоғары, жалақысы жақсы. Гибридтік қасиетке ие жастардың мүмкіндігі мол.

"Жас Өркен" бағдарламасына бірге қатысып жатқан замандастарының алдында өткен кезеңдер бойынша баяндама жасаған Асылбек Әскеров "Эйр Астана", "Қазатомөнеркәсіп" компаниялары ауқымында көкжиегін кеңейтіп үлгеріпті. Жобаға дейін жоғары оқу орнында органикалық заттардың химиялық технологиясын меңгерген Асылбек, уран өндіру саласындағы "Инкай" бірлескен кәсіпорнында өндірістік тың ақпаратқа сусындағанын айтады. Қаржы тақырыбына ірі әуе компаниясындағы тәлімгері Жанна Шаяхметова қызықтырған.

"Содан өзім бизнес-үдерістерді әрі қарай зерделеуге сұранып, "Қазақтелекомда" алар асуды асыға тосып жүрмін. Онда өңірлерде "Смарт-сити" ұғымын таратуға үлес қосуға тырысамын. Не болса да бағдарламаның арқасында жаңадан жинаған білім қазынасының болашақта міндетті түрде кәдеге жарайтыны даусыз", - дейді "Жас Өркен-2018" өкілі тәлімгерлеріне алғыспен.

Келесі "Жас Өркен-2018" қатысушысы Меруерт Түсіпбекова екінші ротациядан соң Ресейдегі Санкт-Петербург жоғары экономика мектебіне барғандарын еске алады.

"Отандық еңбек нарығында оқу бітірген соң бірден жұмыс табу қиынға соғатынын, жұмыс тәжірибенің болуы керектігін ескерсек, "Эйр Астана", "ҚазМұнайГаз", "Қазатомөнеркәсіп" тәрізді ұлттық компанияларда тағылымдамадан өткенімді зор жетістік санаймын. Жүріп-тұру шығындарымызды көтеріп, жалақымызды қамтамасыз еткен "Самұрық-Қазына" корпоративтік университетінің бұл қадамдарын еліміздің жарқын болашағын қамтамасыз етуге жасаған қамқорлығы деп есептеймін", - дейді ол.  

Сабақ соңында жасөркендік жастар үш ротация қорытындысын таныстырып, қойылған сұрақтарға жауап берді.