Жалпы 40 млн теңгедей қаржыны құрайтын медицина көліктері өңір тұрғындары үшін қызмет ететін болады. Арнайы сертификат Астанада өткен «Samruk-Kazyna Trust» операторының ІІ Корпоративтік қайырымдылық форумында табысталды. Бір автокөлік Созақ ауданы, Таукент ауылына берілсе, екіншісі науқастарды Түркістан мен Шымкентке тасымалдайды. Облыстың денсаулық сақтау саласына жасаған қолдауы үшін «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповқа ризашылығымды білдірдім.
Форумда қайырымдылық операторы 2023 жылы іске асырған әлеуметтік жобалардың нәтижесі бойынша есебін тыңдадық. Ауқымды жиынға 300-ден астам қонақ қатысты. Панельдік сессияларда қайырымдылық саласындағы соңғы заңнамалық өзгерістер, әлеуметтік жобаларды дамыту, табысты кейстер мен қаржылай қолдау шаралары талқыланды.
«Самұрық-Қазына» АҚ 2016 жылдан бастап 74 млрд теңгеге 2,5 миллионнан астам қазақстандыққа көмек көрсетіпті. Қор биыл да инклюзия, денсаулық сақтау, креативті индустрия, спорт және білім беру сияқты ең өзекті әлеуметтік жобаларды жалғастырады. Соның ішінде біздің облыстың әлеуметтік жобаларына тағы да қолдау жасауды жоспарлап отыр.