Дәл бүгінгідей ел басына күн туған қиын-қыстау заманда қайырымдылық пен қамқорлық өзекті бола түскені де анық. Қандыағаш станциясы – өңірдегі мақтаулы ұжымдардың бірі.
Өндірістік-қаржылық кірісі жоғары мекемеде 200-ден аса теміржолшы еңбек етіп, отбасын асырап отыр. Тораптық станция ұжымы қайырымдылық акциялар қатарын арттыра түсті.
«Теміржолда жұмыс тоқтаған жоқ, жолаушы пойыздары тоқтаса да, жүк пойыздары жүріп жатыр, жүк жөнелтіліп жатыр. Біздің теміржолшылар да жұмыстарын жалғастыруда. Ал тіпті жұмыссыз, күнкөріссіз қалғандар да бар ғой. Сондықтан, ұжым болып қал-қадірімізше ауылдастарымызға көмектесуді осы карантин басталғалы тұрақты жолға қойдық.
Бізде бірнеше цех бар. Әр цех мүмкіндігінше ауылдастарына көмек көрсетуді әдетке айналдыруда. Бұл жолы станцияның технологиялық орталығы ортадан ақша жинап, екі отбасына көмек көрсетті. Теміржолшылардың көмегі бір отбасының болса да қажетін өтеп жатса, біздің қарекетіміздің бос болмағаны», – дейді Қандыағаш станциясының еңбек қорғау инженері Айнұр Әбілберікова.
Теміржолшылар барған бірінші отбасы – арбаға таңылған мүгедек ұлын өзі бағып отырған жалғызбасты қарияның шаңырағы. Қамкөңіл қарт теміржолшыларға батасын беріп, алғысын жаудырды. Екінші отбасы да мүгедектігі бар жалғызбасты қарт кісі.
Екі отбасыға да бірнеше сөмке азық-түлік пен тұрмыстық заттар жеткізілді. Қайырымдылық жасаудан қашан да шет қалмайтын теміржолшылардың карантин басталғалы жасап жатқан сауапты ісі аз емес.
Сонау бір кездері блок-бекеттегі ақ халатты жандарға ыстық тамақ та тасыды. Әлеуметтік көмекке мұқтаж, әсіресе, көпбалалы және күнкөрісі төмен отбасыларға, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға тұрақты түрде көмек көрсетіп келеді.
Ардақ Ерубаева, "Қазақстан теміржолшысы"