К 30-летию Независимости Казахстана | 27 ақпан 11:03

Жаһандық сын-қатерлерге жауап

Қазіргі экономикалық ахуал, постпандемия, цифрлану, «жасыл» экономикаға көшу сияқты өзгерістер бүгінгі және болашақ ұрпақ мүмкіндіктерінің теңдігі мен әлеуметтік қалпына сын-қатер тудырып отыр.

Дүниежүзілік экономикалық форум жиналысы қарсаңында жарияланатын жыл сайынғы «Жаһандық тәуекелдер туралы есепке» сәйкес алдағы онжылдықта терең геосаяси және экономикалық тенденциялардан туындаған экологиялық және әлеуметтік дағдарыстар болуы ықтимал. Аталған есепте «Биоәртүрліліктің жоғалуы және экожүйенің күйреуі» ең жылдам нашарлайтын жаһандық тәуекелдердің бірі ретінде қарастырылады. «Өмір сүру құнының дағдарысы» қысқа мерзімдегі ең үлкен жаһандық тәуекел ретінде бағаланады. Өмір сүру құнының жаһандық дағдарысы қазірдің өзінде сезілуде, сонымен қатар «Энергиямен жабдықтау», «Инфляцияның өсуі» және «Азық-түлікпен қамтамасыз ету» 2024 жылға қатты әсер етуі мүмкін.

Адамзат алдында тұрған жаһандық сынқатерлерге жауап ретінде соңғы жылдары саясатты қалыптастыру үрдісі де бұрынсоңды болмаған қарқынмен өзгеруде (технологияның жылдам дамуы, климаттың өзгеруі, геосаяси дағдарыс және қоғамдағы маңызды өзгерістер). Бұл өзгерістер саясаткерлерден – қоғамнан стратегиялық ойлауды, жаңашылдықты, жүйелі және тұтас ойлау дағдысын талап етеді. Мысалы, COVID-19 пандемиясы және Ресей-Украина қақтығысы сияқты қос дағдарыс саясатты қалыптастыруға қойылатын талаптарды үнемі және жылдам түзетуді, қайта қарауды талап етті. Сол секілді «жасыл» және цифрлық технологияларға көшу сияқты күрделі мәселелер, саясатты жасаушы топтардан, азаматтар мен мүдделі тараптар қолдайтын нақты деректер негізінде саясиэкономикалық және экологилық мәселелерді болжауды, зерттеуді және шешуді қажет етеді. Жаңа экологиялық саясатты қалыптастыру тек тиімді процестер мен институттарды ғана емес, сонымен қатар қажетті стратегиялық және сектор аралық құзыреттерге ие адамдарды (көзқарас, білім мен дағдылардың үйлесімі) қажет етеді.

Сондықтан төмен көміртекті экономикаға көшуді жеделдету үшін қаржы институттарымен тығыз жұмыс істеу маңызды. Өйткені климаттың өзгеруі жаһандық экожүйеге әсер етсе, оның салдары қазіргі және болашақ ұрпақтардың әлеуметтік әл-ауқатына, экономикалық дамуына және қаржылық тұрақтылығына жойқын кедергі келтіреді. Яғни, қаржы нарығына климаттың өзгеруінің салдары туралы нақты, жан-жақты және сапалы ақпарат қажет.

Бүгінде климаттық тәуекелдерді анықтау, өлшеу, ашу және басқарудың озық тәжірибесін әзірлеуде Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының қаржылық бастамасы (UNEP FI) және климатқа байланысты қаржылық ақпаратты ашу жөніндегі жұмыс тобы (The Task Force on Climate-related Financial Disclosures, бұдан әрі TCFD) жетекші рөл атқарады. Қаржы институттары осы экономикалық ауысудың катализаторы болуы үшін коммерциялық тәуекелдер мен мүмкіндіктерді түсініп, олармен қалай әрекет ету керектігін білуі керек.

Осы орайда, компаниялардың қаржылық есептілігі үшін климаттық тәуекелдер туралы ақпаратты ашу бойынша стандарттар мен ұсынымдар әзірлеу мақсатында құрылған сарапшылар тобы – (TCFD) климаттың өзгеруінің ұйымдарға әсерін түсінуге мүмкіндік беретін жоғары сапалы ақпаратты тиімді ашудың жеті қағидасын қарастыруды ұсынады.

Олар: 1) Ақпаратты ашу негізгі мәліметтерді қамту керек; 2) Ақпаратты ашу нақты және толық болуы қажет; 3) Ақпаратты ашу анық, теңдестірілген және түсінікті болуы шарт; 4) Ақпаратты ашу уақыт бойынша дәйекті болуы керек; 5) Ақпаратты ашу саладағы немесе портфельдегі компаниялар арасында салыстырмалы сипатта болған жөн; 6) Ақпаратты ашу сенімді, тексерілетін және объективті болуы керек; 7) Ақпаратты ашу уақытылы ұсынылуы тиіс.

Аталған қағидаттарды ескере отырып, климаттық тәуекелдерді басқару бойынша халықаралық рейтингтерді жақсарту жөніндегі іс-шаралар шеңберінде ҚМГ 2025 жылдан бастап өзінің қаржылық есептілігін TCFD стандарттарына сәйкес ашуды жоспарлап отыр.

Осыған байланысты, 2023 жылдан бері Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкі қолдауымен ҚМГ-да TCFD стандарттарын енгізу жобасы басталған еді. Оның аясында ҚазМұнайГаз қызметкерлері TCFD және оның мақсаттары, климаттың өзгеру қаупі ҚМГ активтеріне қалай әсер етуі мүмкін екені жайлы семинарлар легіне қатысып келеді.

Сондай семинардың қатысушысы Айжан Баймағзумованың пайымдауынша, қызметкерлер технологияға бейімделуі және оларды игеруі, түрлі экологиялық сынқатерлерге дайын болуы үшін өз дағдыларын жетілдіруі керек. Біз өз кезегімізде семинар қатысушысы — ҚМГ Тұрақты даму басқармасының бастығына бірнеше сауал жолдадық.

Риззат Тасым: Қазір жұмыс істеп жатқан салаңызда климаттың өзгеру қаупі түрлері қалай әсер етуі мүмкін? Мұндай өзгерістерге дайын болу үшін қандай дағдылар қажет?

Айжан Баймағзумова: Климаттың өзгеруі Қазақстанның мұнай-газ саласына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Меніңше, туындауы мүмкін кейбір қауіптер бар. Олар: Біріншіден, су тапшылығы: мұнай-газ саласы жабдықтарды өңдеу және салқындату сияқты әртүрлі процестер үшін айтарлықтай су көлемін қажет етеді. Климаттың өзгеруіне байланысты судың жетіспеушілігі мұнай мен газ өндірісіне үлкен қиындықтар тудыруы мүмкін.

Екіншіден, экстремалды температура: шамадан тыс салқындату және жылу жабдықтар мен инфрақұрылымның жұмысына әсер етуі мүмкін, бұл өндіріс процестерінің тоқтап қалуына және бұзылуына себеп болады.

Үшіншіден, орташа температураның жоғарылауы: температураның жоғарылауы коррозия және жабдықтың тозуы сияқты табиғи деградация процестерін жеделдетуі мүмкін, бұл техникалық қызмет көрсету мен жөндеу шығындарын артуына алып келеді. Яғни, мұндай өзгерістерге дайын болу үшін келесі дағдылар мен әрекеттер қажет:

■ Технологияларды бейімдеу: экстремалды температура мен суға қол жетімділік шектеулі жағдайда жұмыс істей алатын технологияларды әзірлеу және енгізу. ■ Тұрақты тәжірибелерді дамыту: қоршаған ортаға теріс әсерді азайту үшін су ресурстары мен энергияны басқару әдістерін енгізу. ■ Әртараптандыру: мұнай мен газға тәуелділікті азайту үшін энергия көздерінің әртүрлілігі және күн мен жел сияқты баламалы энергия көздеріне инвестициялар тарту. ■ Персоналды оқыту: персоналды өзгермелі климатта жұмыс істеуге дайындау және оларды ресурстар мен тәуекелдерді тиімді басқару принциптеріне үйретудің маңыздылығы жоғары.

Түйін. Заманауи технологиялар және сан қилы тәуекелдер қызметкерлерге деген дағдылар талабын күшейтті. Себебі, білім алу мен жұмыс істеу барысында алынған дағдылар уақыт өте келе қайта жаңартуды талап етеді. Еңбек қабілетін арттыру және өзін-өзі дамыту нәтижесінде ғана сала қызметкерлері тәуекелдерді азайту және климаттың өзгеруі сияқты ықтимал қауіптерге бейімделу жоспарын құра алады.

Қорытындылай келе, мұнайға сұранысты қамтамасыз ету үшін 2045 жылға дейін мұнай өндірісіне $12,1 трлн инвестиция жасау керек . Бұл энергетикаға сұранысты тек жасыл экономика шеше алмайтынын көрсетеді. Дегенмен адамзат болашақта жаңартылатын энергия көздеріне көшуі тиіс. Ол өз кезегінде болашақ қолайсыз сценарийлердің әсерін азайтып, уақыттан ұту үшін климаттың өзгеруіне қарсы шараларды бүгіннен бастап қолға алуды талап етеді.

Риззат Тасым