Қуаттылығы сағатына 4,95 МВт құрайтын стансының құрылысы 2021 жылдан басталып, биылғы жылдың көктемінен іске қосылды. Оған 1,5 млрд теңге инвестиция тартылған.
Кәсіпорынның бас диспетчері Бауыржан Әлімбаевтың айтуына қарағанда, 10 гектар аумақта 11 008 күн панельдері қойылған. Бір панель күніне 450 КВт электр өндіреді, ал тұтас стансы ауа райының жағдайына қарай күніне 18-ден 43 МВт-қа дейін қуат өндіреді. Электр энергиясы «KEGOC» АҚ желісіне жеткізіледі.
Қазір мұнда 11 адам жұмыс істейді. Жаңартылған энергия көздерін өндіру ісін жергілікті мамандарға ресейлік инвестор компанияның бас инженерлері арнайы келіп үйреткен. Жергілікті мамандар аймақта энергия өндірудің жаңа түрін меңгергендеріне қуанышты. Жұмысшылардың жалақысы орта есеппен 250 мың теңге.
Биыл жалпы қуаты 50 МВт, құны 19,2 млрд теңге, 6 жұмыс орнын құратын тағы 1 жоба Сарқан ауданында іске қосылады деп күтілуде. Ал 2025 жылға дейін жалпы қуаты 156 МВт, құны 87,3 млрд теңге және 10 жобаны іске асыру жоспарланған, оларда 141 жұмыс орны құрылады.