К 30-летию Независимости Казахстана | 14 маусым 15:29

118 жыл тарихы бар Қызылорда теміржол вокзалы жаңғыртылады

Бүгінде салынғанына 118 жыл болған Қызылорда теміржол вокзалы реконструкциялаудан өтеді.

Бұл туралы жақында Астанада «Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» деген тақырыпта өткен брифингте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді.  

– Тұрғын үй саласын, инженерлік инфрақұрылымды дамытуда да оң нәтижелеріміз бар. «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалын қайта құрылымдау мен жаңғырту жұмыстарын бастап жатырмыз. Оған 873 млн теңге қаржы қарастырылды, – деді облыс әкімі.  

Тарихи ғимараттың іргетасы Орынбор-Ташкент магистралінің салынуымен 1900-1905 жылдар аралығында қаланған. Кейіннен жанынан 1969 жылы үш қабатты жаңа вокзал салынып іске қосылды. Бір кездері Перовский аталған Қызылорданың ең әдемі ғимараттарының бірі болған вокзалды салуға Ресей императоры Николай II мұрындық болған дейді тарихи жазбалар. Вокзал ғимараты өзінің керемет әдемі сәулетімен, сапасымен ерекшеленді. Орынборда осы вокзал үшін қызыл кірпіш жасалып жеткізілген, ал кірпішті құю кезінде оның беріктігін арттыру үшін жылқының қылы қосылған деген аңыз бар.  

Дегенмен ғасырдан астам тарихы бар жәдігер ғимарат қайта құру жұмыстарын қажет етеді. Сондықтан әкімдік пен ҚТЖ және мердігер компанияларды анықтап, тарихи ғимаратты қайта жаңғыртуды қолға алып отыр.

Райхан Рахметова, 

Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"