Айта кетелік, халықтың сұрауы бойынша былтырғы жылдың 17 тамызынан бастап қаламаңына «Атырау – Дина Нұрпейісова» бағытындағы жергілікті жолаушы пойызы жүре бастаған болатын. Ал «Otpan Logistic» компаниясы аталған бағыттағы жолаушылар тасымалы тендерін жеңіп алған.
Енді бұл бағыттағы бұрынғы маршрут қайта жаңартылып, 2 наурыздан бастап «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Жолаушылар тасымалы» АҚ ұйымдастыруындағы №№625/626 «Атырау – Астрахань» пойызы өз маршрутын бастамақ. Дегенмен, соңғы аялдама әзірге шекарадағы Дина Нұрпейісова станциясы болып тұр.
Өйткені, шекара теміржолдың жолаушы тасымалы үшін әзірге жабық.
Атырау вокзал шаруашылығы бөлімінің бастығы Айбек Қуанышевтің айтуынша, ескі-жаңа маршрутта 4 плацкарт және екі купе вагоны болады. Пойыз күнара тақ күндері жүреді. Билеттер қазірден бастап сатылымға шығарылған. Пойыз күндізгі сағат 14-те Атырау станциясынан қозғалып, Дина Нұрпейісоваға түнгі 24.00 шамасында барады.
Одан бөлек әлеуметтік желіде Атырау-Астраханьға 4 сағатта жететін, екі купе, екі плацкарт вагоны бар жүрдек пойыз шығады деген ақпарат желдей есіп жүр. Бірақ вокзал шаруашылығы бөлімінің бастығы А.Қуанышев орталықтан ондай ақпараттың келмегенін мәлімдеді.
Қосуйым Мұқашев
Дереккөз: «Қазақстан теміржолшысы»