2023 жылы қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсарту бойынша ауқымды іс-шаралар өткізілді. 228 ғимарат, 467 үй-жай және локомотив бригадаларының 37 демалыс үйі жөнделді. Желілік қызметкерлерді жұмыс орнына жеткізу үшін 384 бірлік көлік сатып алынды.
ҚТЖ желісі бойынша жұмыс жүргізу үшін шалғайдағы станцияларға шығатын теміржолшылардың толыққанды демалуына барлық қажеттімен жабдықталған (душ кабиналары, тұрмыстық техника, жиһаз, ыдыс-аяқ және т.б.) 132 модульдік ғимарат орнатылды. Ғимараттарға барлық қажетті инженерлік коммуникациялар қосылған. 2024 жылы 120 астам модульдік ғимарат орнату жоспарлануда. Қолайлы еңбек жағдайларын жасау жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.
Ұлттық компания қызметінің басым бағыты теміржол көлігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып қала береді. Сондай-ақ, 2024 жылдың негізгі міндеттерінің бірі – тасымалдау көлемін ұлғайту және транзитті дамыту, цифрландыру бағдарламаларын іске асыру, теміржол инфрақұрылымы мен жылжымалы құрамды жаңарту.
2023 жылдың қорытындысы бойынша компанияда өндірістік және қаржылық көрсеткіштер өсімінің оң қарқыны байқалды. Пайдалану жүк айналымы 270 млрд т-км-ге жетіп, өткен жылға қарағанда 7% өсті. Контейнерлердегі транзиттік тасымалдар 1 млн 28 мың ЖФЭ құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,5% артық. Қазақстан мен Қытай темір жолдары арасындағы жүктерді тасымалдау көлемі 22% өсіп, 28 млн тоннаға жетті.