Қаржы министрлігі Ашық НҚА порталында 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қоғамдық талқыға жариялады.
Заң жобасында 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап негізгі экономикалық көрсеткіштер қандай мәнге ие болатыны жазылған. Атап айтқанда, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап:
жалақының ең төмен мөлшерi – 85 мың теңге; мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері – 32 360 теңге; зейнетақының ең төмен мөлшерi – 62 771 теңге; айлық есептiк көрсеткiш – 3 932 теңге; базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеу үшiн ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы – 46 228 теңге болып белгiленбек.Сондай-ақ, заң жобасынан адам жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері 8,5 пайызға артатыны белгілі болды.
"2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленуге жататын, мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналарының мөлшері мемлекет жарналарын есептеу объектісінің 2 пайызы болып белгiленсiн. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап әскери қызметшілерге (мерзiмдi қызметтегі әскери қызметшілерден басқа) және арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлеріне тұрғынжайды күтіп-ұстауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ақшалай өтемақының айлық мөлшерi 3 739 теңге сомасында белгiленсiн", – делінген заң жобасында.