«Бүкіл жұмыс жобаға сай жүргізілді, көп қиындыққа қарамастан мерзімінде аяқталды. Арнасы кең Келес өзені жер астынан кабель өткізуге мүмкіндік бермеді. Дегенмен біз оңтайлы шешімін таптық: Ораз ата ауылындағы магистрал желіге 22 темірбетон сүйеніш орнатып, бір шақырым оптикалық желіні өзеннің үстінен өткіздік», – дейді Келес ауданы ЖТЦ бастығы Талғат Шалбаев.
Алпамыс батыр кентіндегі Сұлтанбек Қожа атындағы орта мектептің оқушылары мен оқытушыларының айтуынша, жылдамдығы жоғары интернет келгесін, оқу үдерісі жақсара түскен.
«Қазір біздің мектепте мыңнан астам оқушы қашықтан оқып жүр. «Оптикаға» қосылған соң оқытушылар да цифрлық сервистерді көбірек қолданып, қызық онлайн сабақтар өткізе бастады», – дейді мектеп директоры Әлібек Казербаев.
Мектептен бөлек, ауыл әкімдігі мен полиция пункті де оптикалық желіге қосылған.
«Жылдамдығы жоғары интернетке қосылған соң әкімдік қызметкерлері мол ақпаратқа қол жеткізіп отыр. Енді egov.kz порталы арқылы мемлекеттік қызмет көрсету әлдеқайда жеңілдеді», – дейді Алпамыс батыр ауылы әкімдігінің іс қағаздарын жүргізу жөніндегі бас маманы Нұрболат Құрмансейіт.
Жуырда «Қазақтелеком» мыс кабельдегі IP DSLAM қондырғысын оптикалық желіге қосуды жоспарлап отыр. Бұл қызмет көрсету жылдамдығын он есе арттырып, аудан тұрғындарына жылдам интернетті үйіне кіргізу мүмкіндігін береді.
Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ қаржылай қатысуы арқылы іске асырылып отыр. Банк 13 жыл мерзімге 26,7 млрд теңге несие бөлген.