Ұлттық жобаның бірыңғай операторы болып табылатын «Samruk-Kazyna Construction» АҚ білім беру кеңістігінің атмосферасы мен үйлесімділігін шолуға мүмкіндік беретін 3D-үлгіні үсынды. Жайлы мектептердің құрылысы жүріп жатыр, алайда сынып, дәліз, вестибюль, спорт залдары және асханалардың қалай рәсімделетінін қазірдің өзінде таңдауға болады.
Виртуалды саяхат оқушыларға, олардың ата-аналары, мұғалімдер мен жалпы азаматтардың барлығына мектептердің ішкі кеңістігінің интерьерлік шешімдерімен және түспен безендірілуімен танысып шыға отырып, өз пікірін білдіруге мүмкіндік береді.
Компания мектептерді оқушылар мен ұстаздар қауымы үшін барынша жайлы етуді көздейді. Сондықтан барлық тілек білдірушілерден сілтеме арқылы сауалнамаға қатысып, ағымдағы жобаны жақсарту бойынша өз пікірін бөлісуді сұрайды. Құрылысшылар орынды ұсыныстарды жұмыс барысында ескеруге уәде береді. Пікірлер мен ұсыныстар 10 мамырға дейін қабылданады.
«Барлығы халық игілігі үшін жасалуда. Әрине, заманауи мектептердің пайдаланушысы – халық болып табылады. Қазақстандықтар өз балаларын заманауи мектептерде оқытуға лайық және сол білім ошақтарын салу барысына қатысуға құқылы деп есептейміз. 6 000-нан астам адам қатысқан былтырғы қыркүйекте өткен бүкілхалықтық талқылаудың нәтижесінде сауалнамаға қатысқандардың шамамен 90%-ы мектептердің дизайны мен безендірілуі бойынша біздің ұсыныстарымызды қолдады. Белсенділік танытқан азаматтарға алғыс білдіреміз. Әрбір қазақстандықтың пікірі жобаны іске асыру үшін аса маңызды болып табылары сөзсіз. Бүгін Samruk-Kazyna Construction жайлы мектептердің ішкі дизайны мен интерьерінің кезекті бүкілхалықтық талқылауын жариялайды. Бұл жолы 3D-визуалдау мен 360 градус шолудың арқасында қазақстандықтар заманауи мектептің виртуалды макеті бойынша «серуендей» алады: келешек оқу мекемесінің дәліз, сыныптары, интерьері, жиһазы, қасбеті және спорттық алаңдарын көре алады. Танысып шыққаннан кейін кез келген азамат ішкі дизайн мен интерьерлік шешімдерді жетілдіру бойынша өз пікірі мен ескертулерін қалдыра алады. Сындарлы ұсыныстардың барлығы қаралады», - деп сендірді «Samruk-Kazyna Construction» Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов.