К 30-летию Независимости Казахстана | 19 сәуір 08:40

500 ағаш – бір орман: ембіліктер тал екті

Жер тоңы жібіп, алғашқы көк дүркіреп шыға бастаған кезде шыбық қадап, тал отырғызу – сауапты іс. Өйткені, жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы жайқалған терекке айналып, жазда сая, қыста қамсау болады.

Экологияны жақсартып, өлкенің микроклиматын қалыптастыруға әсер ететіні белгілі. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналық сөздің өзі адамға байлықтан гөрі жасыл желектің орасан пайдасы барын айшықтап тұрғандай. Бұны жете түсінген емблік мұнайшылар бүгінде бүкіл тал отырғызу жұмыстарын белсенді бастап кетті.

«Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы қызметкерлері Жылыой ауданы бойынша жарияланған сенбілік жұмыстарына белсенді қатысып, басқарма айналасында, жатақханаларда көгалдандыру, абаттандыру, тал егу жұмыстарын жүргізді.

Сонымен қатар, кеңсе алдына жылыойлық мұнайшылар өз еркімен шырша тұқымдас талдар екті. Жалпы, басқарма бойынша 500-дей тал егілді.

«Көп түкірсе – көл» деген. Егілген талдар көктеп, жайқалып шығып кетсе, экологиямызға, ауамыздың тазаруына пайдасы мол болары сөзсіз. Өзіміз еңбек етіп, күніміздің көп уақыты осы жұмыс орнында өтетіндіктен, артымызда із қалдырып, айналамызды абаттандырып, көгалдандырып, қоршаған ортаны қорғауға, қаламызды жасыл желекке бөлеуге өз үлесімізді қосу – қоғам алдындағы міндетіміз деп есептейміз», – деді «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Сырымбек Сәрсембаев.