К 30-летию Независимости Казахстана | 07 қазан 14:30

94 теміржолшыға 24 млн теңге материалдық көмек алды

Елордадағы «Radisson» қонақ үйінің мәжіліс залында «Қазкөліккәсіп» ҚБ Орталық кеңесі атқарушы комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Салалық кәсіподақтың мерейтойына арналған жиында бірлестік басшылары Теміржол кәсіподағының биылғы жылғы жұмысына шолу жасап, қоғамдық ұйымның белсенді мүшелерін марапаттады.

«Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев комитет отырысын ашып, сала кәсіподағының бүгінгі тыныс-тіршілігінен ақпар берді. Төраға Орталық кеңес атқару комитетінің «Қостанай облысы Аманқарағай станциясындағы өрт салдарынан зардап шеккен теміржолшыларға материалдық көмек көрсету туралы» қаулысына жеке-дара тоқталды. Ал қаулының орындалу барысы туралы Кәсіподақ төрағасының орынбасары Жұпарбек Сәбитов толық ақпарат берді.  

– Бұл қайғылы жағдайдың қалай болғаны бәрімізге мәлім. Зардап шеккендер қатарында 25 теміржолшы отбасы да болды. Соның ішінде 11 отбасының үй-жайы түгел өртеніп кеткен. 13 қыркүйекте біздің Атқарушы комитет отырысы өтіп, онда осы зардап шеккен теміржолшылар отбасына көмек көрсету туралы шешім қабылданды. Осы істе іскерлік пен белсенділік танытқан барлық кәсіподақ қызметкерлеріне зор алғысымызды білдіреміз. Бас-аяғы бір аптаның ішінде қажетті қаражат жиналып, зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша құрылған комиссия жұмысы шеңберінде біз өрт шыққан өңірге барып, тиісті жәрдемімізді жасадық, – деді Ж.Сәбитов.  

Оның айтуынша, биыл сонымен қатар барлығы 94 теміржолшыға 24 млн теңгеге кәсіподақ қаржысынан материалдық көмек көрсетілген. Олардың ішінде өрттен зардап шеккендер де, басқа қиындықтарға тап болғандар да бар, әсіресе, қатерлі дертке шалдығуына байланысты ем-домына қаржы сұрайтындар көбейген. Атап өтерлігі, жылдан-жылға қоғамдық ұйымның беделі, соған сай өкілеттілігі де арта түскен.  

Қостанай теміржолының кәсіподақ төрағасы Ғафу Несіпбаев та өңірдегі қайғылы оқиға туралы сөз етіп, нақты қандай жұмыстар жүргізілгенін айтып берді. Ондағы теміржолшылар кәсіподақ тарапынан қолдау-көмекке өте риза болғанын да жеткізді.  

Әрине, мерейтой марапатсыз өткен бе?! Өңірлердегі бастауыш ұйымдар төрағалары мен кәсіподақпен ынтымақта жұмыс істеген қызметкерлер, барлығы 31 адам Сала кәсіподағының және ҚР Кәсіподақ Федерациясының арнайы төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, өткен жылдар ішінде Кәсіподаққа мүше 10 адам «Құрметті теміржолшы» төсбелгісіне ие болса, кәсіподақтың ұсынысымен 122 адам «Еңбек ардагері» медалімен марапатталғаны атап өтілді.  

Райхан Рахметова

Дереккөз: «Қазақстан теміржолшысы»