К 30-летию Независимости Казахстана | 20 қаңтар 08:13

«Абырой – адал еңбекте». ҚБМ шебері қызмет құпиясы туралы

Кәсіби біліктілік пен іске адалдық әр жұмысшыны мамандық шыңына жетелейді. Қаражанбастықтар үшін қазыналы кен орны мыңдаған мұнайшыны өндіріс ошағында жетілдіріп, бәсекеге қабілетті еткен үлкен мектеп. Ғұмырының алтын тарауын өлке мұнайын игеруге арнағандар арасында №3 мұнай өндіру цехының шебері Таңатар Агиев те бар.

Таңатар Агиев осыдан 26 жыл бұрын алғаш рет МӨЦ операторы болып қызметке кірісті. Сол уақыттан бері ол белгіленген аумақтағы ұңғымалар жұмысына шолу жасап, мәліметтерді тіркеп, берілген тапсырманы тиянақты орындауға тырысты. Қызметтегі табандылығы мен жауапкершілігі арқасында Таңатар кейін цех шебері болып ауысты. Қазір білікті мұнайшы жаңадан ашылған №3 МӨЦ жұмысын жүйелендіріп, өндірісті өркендету жолында тынымсыз еңбек етіп келеді.

«МӨЦ-нің әр шебері қарамағындағы оператормен бірге күн сайын ұңғымалар жұмысын жіті қадағалайды. Жылдық мұнай өндіру жоспары тәуліктік көрсеткіш тұрақтылығына тікелей байланысты. Сондықтан біз, еңбек адамдары, уақытпен санаспай, ел игілігі үшін бар күш-жігерімізді салып еңбек ете береміз», – деді Таңатар Агиев.

Таңатар қызметте сенімді әріптес, жас мамандарға оң бағыт беретін тағылымды тәлімгер, ал отбасында аяулы жарымен бірге 5 бала тәрбиелеп отырған берекелі шаңырақ иесі. Ол алдағы уақытта да Отан мен отбасы мерейін асқақтату жолында өлке өндірісінің дамуына өлшеусіз үлес қоса бермек.