К 30-летию Независимости Казахстана | 31 марта 12:35

Адал еңбек - абыройлы зейнет

Қоғамның тірегі - адал еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген қарапайым жандар. Солардың бірі - Сармысова Гүлнара Амантөреқызы. Ол 1965 жылы Түркіменстанда дүниеге келіп, небәрі сегіз айлық кезінде отбасы Маңғыстау өңіріндегі Жетібай ауылына қоныс аударады. Осы киелі мекен оның бүкіл саналы ғұмырының куәсіне айналды. 

Мектеп қабырғасында жүріп-ақ үлкен арман жетегіне ерген Гулнара Алматы қаласына барып, техникумда полиграфия мамандығы бойынша білім алады. Оқудан оралған ол 1984 жылы, небәрі 19 жасында, Жетібаймұнайгаз өндірісінде мұнай айдау және өңдеу цехына оператор болып жұмысқа орналасады. Міне, сол сәттен бастап оның еңбек жолы мұнай саласымен тығыз байланысып, тұтас 42 жылға созылған мағыналы ғұмырға ұласты.

 

Гулнара Амантерекқызы – тек өз ісінің маманы ғана емес, еңбекке деген төзімділік пен табандылықтың жарқын үлгісі. Қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығына қарамастан, ер азаматтармен иық тірестіре еңбек етті. Ол бір цехқа қарайтын қазандық пен пеште ұзақ жылдар бойы табан аудармай қызмет атқарды. Бұл – үлкен жауапкершілік пен шыдамдылықты талап ететін ауыр еңбек. Өз ісіне деген адалдығы мен кәсіби біліктілігінің арқасында түрлі марапаттарға ие болды. Әріптестері мен басшылықтың құрметіне бөленіп бүгінде абыроймен зейнеткерлікке шығып отыр.

 

Өмірінің тек еңбекпен ғана емес, отбасы құндылықтарымен де өрілгені – оның шынайы бақытын айқындайды. 22 жасында шаңырақ көтеріп, өмірлік серігімен бірге үш бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде сол балаларынан немере сүйіп, ардақты әже атанып отыр.

Гулнара Амантерекқызының өмір жолы – адал еңбектің, табандылықтың және қарапайымдылықтың үлгісі. Оның маңдай термен келген жетістігі – кейінгі ұрпаққа өнеге. Осындай еңбек адамдарының арқасында ел экономикасы дамып, қоғам ілгері жылжиды. Сондықтан да, Гулнара сынды жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.