Аталған зерттеу барысында бұл салаға инвестиция тартуды ұлғайту және коммерцияландыру мен реформалау әлеуетін арттыру қажеттігі анықталған.
Сондай-ақ аймақтағы сауда құрылымында болып жатқан өзгерістер, теміржол тасымалына деген сұраныстың артуына әкеліп отырғаны айтылады, бірақ бұл елдердегі тасымалдау операторлары бір-бірімен және өзге көлік компанияларымен жиі бәсекеге түсіп, көбінде шығынға батып жататын көрінеді. Сол себепті банк осы операторлардың жұмысын тиімді ететін негізгі реформаларды қарастыруды ұсынды. Бұл тұрғыда 11 елдегі теміржол қызметінің қаржылық тұрақтылығын арттыруға болатын бірнеше ұсыныстар жасалған:
шығындар мен кірістер, қаржылық нәтижелер туралы шынайы және ашық ақпаратпен қамтамасыз ету үшін коммерциялық есеп жүйелерін жаңғырту; кәсіпорындарға өнімділік пен табыстылықты арттыруға мүмкіндік беретін ресурстарды жоспарлаудың заманауи жүйелерін енгізу, ол коммерциялық тұрғыдан тиімді тәсілдерді қабылдауға мүмкіндік береді; тарифтерді ырықтандыру – теміржолшыларға тарифтерді нарық жағдайына сәйкес реттеуге мүмкіндік береді, бұл тұтынушыларды көбірек тартуға және кірістерді оңтайландыруға көмектеседі; әлеуметтік қажетті қызметтерді (PSO) көрсетуге келісім жасау - Үкіметтің осы қызметтерді көрсетудегі шығындарын өтеуге мүмкіндік береді; негізгі емес қызмет түрлерін бөлу немесе жекешелендіру ісі операторларға коммерциялық негізде теміржол қызметтерін көрсетуге назар аударуға мүмкіндік береді; жүк және жолаушылар тасымалының жеке операторларының санын ұлғайту, сондай-ақ лизингтік компанияларды тарту тиісті нормативтік-құқықтық база болған жағдайда бәсекелестікті арттырады және тасымалдау қызметінің тиімділігі мен көрсетілетін қызметтердің деңгейін жоғарылатады.Айта кетсек, 2021 жылдың 2 ақпанында Өзбекстан, Ауғанстан және Пәкістан өкілдері Ташкенттегі келіссөздерден кейін ұзындығы 573 шақырым, транзиттік әлеуеті жылына 20 млн тонна болатын «Мазари-Шариф – Кабул – Пешавар» теміржол құрылысы бойынша бірлескен жоспарға қол қойған еді. Жобаны қаржыландыруға Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Еуропалық инвестициялық банк, АҚШ Халықаралық қаржылық даму корпорациясы қызығушылық білдірген.