К 30-летию Независимости Казахстана | 27 сәуір 09:56

Әдебиет оқып, ән шырқап...

«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы». Мұнайшылардың шығармашылық әлеуетін және жасырын таланттарын шыңдау мақсатында Қаражанбаста үнемі түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылады. Өндірістегі ауыр қызметіне қарамастан, жұмысшылар бос уақытын қызық әрі тиімді өткізеді. Вахталық кенттің мәдени-демалыс орталығында «Әдеби караоке» кеші өтті. Шараға әртүрлі цехтардан ондаған қызметкер қатысты.

Мұнайшыларға халық әндері мен қазақ композиторларының шығармалары ұсынылды. Ережеге сәйкес, алдымен қатысушылар таңдалған әннің тарихынан сыр шертіп, кейін вокалдық қабілетін көрсетуі қажет.

«Бізде бос уақытын сурет салуға, ән айтуға, кітап оқуға, спортпен шұғылдануға және т.б. арнайтын талантты жандар көп. Біздің ауыр жұмысымыз рухани және шығармашылық дамуды қажет етеді», – деп атап өтті қатысушылар.

Мұндай бейресми кездесулер талантты мұнайшыларды анықтап қана қоймай, бір сәт сергіп, демалуға мүмкіндік береді. Барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар мен компанияның 40 жылдығына арналған «Қазыналы Қаражанбас» мерейтойлық кітабы табыс етілді.