Әлиямен бүгін Астанада өтіп жатқан "Самұрық-Қазына" қоры Жастар кеңесі барысында сұхбаттасып қалдық. Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығы ұйымдастырған аталған шараға еліміздің өндіріс пен бизнес, ғылым саласындағы "сүт бетіндегі қаймақтай" кілең мықты жастар жиналды десек, қателеспеспіз.
- Жалпы шетелде білім ізденген замандастарымызға мүмкіндік көп. Неге ел аралап, жер көріп, "инемен құдық қазу керек" дегенді уәждесем, ол жақта түйгенімізді елге әкеліп, болашаққа инвестиция құймаймыз ба?! Қиындықтардың бәрі уақытша. Таңдау ерікті дүние, дегенмен патриоттық танытып, озық жетістіктерді Қазақстанда ақсаудағы тараптарға бейімдеген абзал. Мәселен өзім магистратура барысында диктиоксетан молекуласын толық синтездеу жұмысы арқылы Ливерпуль университетінің химия факультетінен грант ұту бақытын иелендім (тиісті іргелі оқу ордасында шетелдік студенттерге жылына 1-2 ғана орын бөлінеді - автор еск.). Нәтижесінде тың бағытқа түрен салып, зерттеуімді жалғастыруға кірістім.
- Сонда бұл қандай зерттеу екен?
- Менің жобам ғылымды индустрияға икемдеуге арналған. Michelin қолдауымен, Ливерпуль грантын пайдалана отырып, қуат көздерін үнемдеуші полимер материалын әзірлеуге ден қойдым.
- Иә, сәйкес брендтің бағасы қымбат болғанымен, біздің елде де автожүргізушілердің арасында қыс пен жаз мезгілдерінде қатар шыдап беретін сапасымен, жұмсақ, сенімді қасиеттерімен мойындалғаны белгілі...
- Мишлендіктер біздің ғылыми ізденістер шығынын төлеп, оған жауап ретінде туындыларымыздың арқасында компанияның молырақ кіріс көру міндеті жүктеледі. Бірлескен әрекеттің жемісі сол, супрамолекурялық байланыстарды қолданған райда сынған, зақым келген заттың қайта жалғануына күш салынады. Мысалға, машина сыртын сырып алдыңыз делік, бүлінген жер бір аптадан соң орнына келеді.
- Адам ағзасындағы жараның жазылғаны сияқты дейсіз ғой...
- Арнайы технология осыған жеткізіп отыр.
- Тамаша! Елден жанашырлық жайлы не айта аласыз?
- Бұл ретте "Тау-кен Самұрық" ұлттық компаниясының 3 жобасына қатысудамыз. Оның бірі тау-кен саласын кешенді басқарып, өнеркәсіптің бағалы темір қалдықтарын барынша кәдеге жаратуды діттейтін химия тақырыбына қатысты. Қазіргі уақытта талдау сатысындамыз. Сөз түйіні, кәсіпкерлік, өзге де қолданбалы салалар тиімді болуы үшін ғылыми негіздеуге айрықша назар аударылғаны ләзім деген ойдамын. Қазақ-британ жобалары осындай ел көсегесін көгертер құндылықтар мен ұстанымдардан тұрады. Ұлыбританиядағы Қазақстан елшісі Ерлан Ыдырысовқа, "Самұрық-Қазына" қоры мен Қазинвест, Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығы басшылығына алғысым шексіз.
Алдаберген КЕМПІРБАЙ