К 30-летию Независимости Казахстана | 01 қазан 15:39

АЭС салу бойынша халықтық штаб өкілдері маңғыстаулық мұнайшылармен кездесті

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның өңірдегі еншілес және тәуелді ұйымдарында еңбек ететін жұмысшылармен жүздесті. Жиынға қатысушылар атом энергетикасының тек мұнайлы түбекке ғана емес, тұтас еліміздің дамуына жол ашатын перспективаларын талқылады.

Штаб мүшелері аймақтағы ең өзекті мәселенің бірі – ауыз су тапшылығын жою бойынша атқарылып жатқан істерге тоқталды. Тізбектесек, биыл Форт-Шевченкодағы су тазарту құбыры станциясының құрылысын аяқтауға 2,5 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ, 2025 жылға қарай «Кендірлі» курорттық аймағында жаңа су тұщыту зауыты салынады. «Каспий» су тұщыту зауытын кеңейту жұмысы жалғасып жатыр. Алайда спикерлер, сенімді қуат көзі болмайынша, бұл маңызды жобаларды жүзеге асыру өте қиын екенін алға тартты.

Бұдан соң, Ядролық физика институтының директоры Саябек Сахиев Қазақстанда бейбіт атом энергиясын дамытуға қажет жоғары кадрлық, ресурстық және ғылыми әлеует бар екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол әлемде жоғары қауіпсіздік талаптарымен ерекшеленетін III және III+ жаңа буын реакторлары салынып жатқанын айтты.

 

Ашық диалог форматында өткен кездесуге қатысқан мұнайшылар аталмыш тақырыпқа қатысты пікірлерін ортаға салып, сауалдарына тұшымды жауап алды. Айта кетейік, атом энергетикасын тұтыну шешімін АҚШ, Франция, Қытай секілді экономикасы дамыған елдердің басым көпшілігі таңдаған. Мәселен, Бельгия жауып тастауды жоспарлап қойған екі реактордың қызмет ету мерзімін тағы 10 жылға ұзартуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Түркияда АЭС құрылысы аяқталып, Өзбекстан атом станциясын салу туралы шешім қабылдаған.