К 30-летию Независимости Казахстана | 30 маусым 16:42

Әсел Жанасова: «Қазпошта» логистикалық хабқа айналады

«Қазпошта» АҚ – еліміздегі пошта байланысының ұлттық операторы және ТМД-да осы саладағы жедел дамып келе жатқан компаниялардың бірі. Оның ауыз толтырып айтарлық жетістіктерімен қатар, күн тәртібінен түспей тұрған бірқатар проб­лемасы да бар. Өткен жылы қазан айында акционерлік қоғамның басқарма төрағасы болып сайланған Әсел Жанасовамен сұхбат барысында баспасөзге жазылу мен оны таратуға қатысты түйткілді мәселелер де кеңінен сөз болды.

– Бұрын негізінен хат-хабар және сәлемдемелер жеткізумен айналысқан пошта қызметі бүгінде заманауи бағытта қыз­ме­тін дамытып жатыр. «Қаз­пошта» АҚ-ның қазіргі аяқ алысы қалай?

– Қазір әлем бойынша пош­та арқылы хат-хабарлар мен мерзімді басылымды жеткізу қызметіне сұраныс төмендеген. Бұл жағдай бізді де айналып өткен жоқ. Ол өз кезегінде қаржылық әлеуетімізге әсер ететіндіктен, біз қызметті әртараптандыру бойынша жұмысты қолға алып жатырмыз және осы жолда әр клиенттің сұранысына құлақ асуға дайынбыз. Өткен жылғы жұмыс нәтижесіне тоқталар болсам, «Қазпошта» 62 млн-нан астам газет-журналды, 38 млн дана хат-хабар, 12 млн-ға жуық сәлемдемені жеткізді. 2022 жылы біз Орталық Азиядағы ең ірі пошта қызметінің операторы мәртебесін сақтап қала алдық. Айта кетейік, «Қазпошта» – 20 мыңнан астам қызметкері бар үлкен команда. Біз пошта қызметінен бөлек қаржылық, брокерлік, цифрлық және логис­ти­калық қызметті ұсынамыз. Бүгінде 300 мыңнан астам заңды тұлға біздің қызметімізге жүгінеді. Жеке тұлғаларға келсек, шамамен 7 млн тұрақты клиентіміз бар.

Жаңа қызметтер спектрі туралы айтсақ, осы жылы біз газеттер мен журналдарға онлайн жазылу сервисін іске қостық. Енді Post.kz мобильді қосымшасы арқылы кез келген адам мерзімді басылымға жазылып, пошта бөлімшесіне келмей-ақ төлем жасай алады. Сосын сәлемдемелер мен хаттарды «Күнбе-күн» жеткізу сервисі іске қосылды. Бұл сервистің сұранысқа ие екенін атап өткім келеді. Әзірге ол Астанадан Алматыға және керісінше бағытта қолжетімді. Тікелей курьерлік қызметті қайта құру да жоспарымызда бар. Тағы бір жағымды жаңалықпен бөліскім келеді. Біз «V-Post» виртуалды мекенжайлар қызметін «KazPost Keruen» жаңа бренді бойынша қайта құрғалы отырмыз. Ол тұрғындарға түрлі елдің тауарларына тапсырыс жасауға мүмкіндік береді.

– Орталық Азияның ең ірі пошта операторы ретінде аймақтық логистика тізбегіндегі рөлі қандай?

– Біріншіден, «Қазпошта» көпке созылған карантиннен кейін «Қорғас» ШМХО аумағында бондтық қойманы дамыту бағытында жұмыс істеп жатыр. Осы бағытта біз Сингапур және Дубай тәжірибесіне сүйенеміз. Жалпы, осындай алаңның ашы­луының арқасында еліміздің тран­зиттік әлеуетін дамытып, инвес­тиция тартуға қолайлы жағдай жасай аламыз. Ал бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Екіншіден, біз компанияның даму векторын курьерлік және сәлемдемелерді жеткізу көлемін арттыруға бағыттаймыз. Биыл негізгі стратегиялық бастамалар электрондық коммерцияны дамыту саласына арналады. Осы орайда сапаның жаңа стандарттарын енгізіп, оны сынақтан өткіземіз. Содан кейін салынған әр теңгенің тиімділігін бағалаймыз.

Мен «Қазпоштаны» Орталық Азия өңіріндегі барлық сәлем­де­меге «қақпа» ретінде көремін. Егер қарапайым тілмен айтсақ, біз «есікті айқара ашып», ел тұрғындарына әлемнің кез келген маркетплейсінен тауар сатып алу мүмкіндігін ұсынып, қысқа мерзімде қолжетімді бағамен жеткізілімді қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл мақсатта «Қазпошта» халықаралық пошта бизнесіне баса мән беріп отыр. Мәселен, әлемнің жетекші халықаралық алаңдары – «Amazon», «Aliexpress», «Iherb», тағы басқалармен келіссөз жүр­гі­зіп жатырмыз. Қазір қолайлы интер­фейсі бар «QazPost» қосым­ша­сын әзірлеуге ең үздік IT мамандары еңбектеніп жатыр. Ол клиент­терге ыңғайлы сервистері бар қосымшаға айналады деп сенемін.

– Көп жағдайда қала тұр­ғын­дары интернет арқылы сауда жасап жатады, ал ауыл тұр­­ғындарына не істеу керек? Осы ретте, ауылдағы пошта бөлімшелерін қалай дамытуды көздеп отырсыздар?

– Еліміз бойынша бүгінде «Қазпоштаның» 2940 бөлімшесі жұмыс істейді. Олардың ішінде 196 бөлімше серіктестік негізде қызмет көрсетеді. Осылайша, компания өз қызметімен барлық ел тұрғынын қамтамасыз етеді. Бөлімшелерде азаматтар пошта және қаржылық қызметтерден бөлек, логистикалық, брокерлік, агенттік және e-commerce қыз­мет­ терін ала алады.

Шынында, ауылдық жер­лердегі бөлімшелерді ұстап тұрудың пайдасынан гөрі шығыны көп. Біз тиімсіз болса да, ауылға жеткізілім маршруттарын сақтап қалуға мәжбүрміз. Себебі ауыл-аймақтарында шамамен 7 млн-ға жуық адам тұрады. Оларға да сапалы пошта, қаржылық, агенттік және мемлекеттік қыз­меттер ұсынылуға тиіс. Бұл бағытта телемедицинаны, оқыту бағдарламаларын дамыту, түрлі сала бойынша кеңес беру, т.б. қызметтерді іске қосу идеясы бар. Осы жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен, «One Web» компаниясы арқылы батыс өңірлердегі ауылдарға спутниктік интернет орнату бойынша алғаш­қы қанатқақты жобаны іске қосамыз. Жалпы, электрондық сауда тек қалаларда емес, барлық жерде дамуы керек. Клиентте тауарды елдің кез келген нүктесінен 48 сағат ішінде сатып алып, қол жеткізу мүмкіндігі болуға тиіс.

– Соған кеңірек тоқтала кет­се­ңіз? Мәселен, еліміздің аумағында ғана емес, әлемнің кез келген мемлекетінен зат сатып алсақ, оны жеткізе аласыздар ма?

– Қазіргі күні танымал әлемдік дүкендердің барлығы бірдей елімізге жеткізілім жасамайды. Себебі Орталық Азия елдерінің нарығы шағын. Жаһандық бизнеспен интеграцияға түсу үшін бүкіл ел көлемінде белсенділік танытуымыз қажет. «Қазпошта» азаматтардың әлемнің кез кел­­ген нүктесінен тауарға тапсырыс беруіне оңтайлы маршрут жасай алады. Қазір шетелден затты жеткізу мерзімі 45 күнге дейін созылса, болашақта біз оны 10-12 күнге дейін қысқартуды көздеп отырмыз, яғни жеткізу уақытын 70%-ға қысқартамыз. Бұл тұр­ғы­да біз өзіміздің географиялық артықшылығымызды пайдаланамыз – «Қазпошта» әлемдік маркетплейстер үшін сұрыптау-қойма хабына айналып, Батыс пен Шығысты байланыстыратын болады.

– «Қазпошта» жұмысына қатысты газет-журналдар редак­цияларының, оқыр­мандардың шағымы көп. Басылымдардың уақытында жеткізілмейтіні айтылады. Осының себебі неде? Бұл проблеманы түбегейлі шешуге болмай ма?

– Уақтылы жеткізілмеу себе­бінің бірі – пошташылар мен курьерлер жалақысының төмендігі, осыған байланысты кейбір учаскелерде ол орындар бос тұр. Сонымен қатар редакция­лар тарапынан басылымдардың баспадан шығу кестесін бұзу немесе қаржылық қиындыққа байланысты нөмірлерді біріктіру жағдайы жиілеп кетті. Одан бөлек, кейбір мекенжайларда, әсіресе жаңа үйлерде пошта жәшіктерінің болмауы, үй нөмірлерінің дұрыс көрсетілмеуі, көпқабатты үйлерге кіруге мүмкіндік болмауы да басылымдардың дер кезінде жеткізілмеуіне әсер етеді. Бұл проблемаларды шешу үшін жергілікті атқарушы органдар мүлік иелерінің бірлестіктерімен бірлесіп, абоненттік пошта жәшіктерін түгендеу, көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістеріне пошташылардың кіруі үшін домофондарға әмбебап кілт беру жағын қарастыруы қажет.

– «Қазпошта» баспасөзге жазылу науқанын ұйымдастыруға неге белсене атсалыспайды? Бұрын жазылым науқанында газеттермен бірлескен іс-ша­ра­лар жиі өтетін. Қазір ондай іс-шаралар неге ұйым­дастырылмайды?

– «Қазпошта» өз тарапынан газет-журналға жазылу ісіне атсалысып келеді. Атап айтқанда, жыл сайын жылдық немесе жартыжылдық жазылу науқаны кезеңінде республикалық және жергілікті басылымдардың редакцияларымен бірлесіп, «Жазы­лушылар күні» сияқты іс-шаралар өткізеді, онда акция­лар, жазылушылар арасында ұтыс ойындары, басылымдармен таныс­тыру іс-шаралары қолға алынады. Одан бөлек, жоғарыда айтқанымдай, газет-журналға онлайн жазылу тетігі іске қосылды. Ол «Қазпошта» сайты және кез келген смартфонмен мобильді қосымша арқылы қолжетімді. Сонымен қатар жазылым тираждарын ұлғайту мақсатында «Қазпошта» қызметкерлерін ынталандыру жүйесі әзірленді. Осы шаралар алдағы уақытта баспасөзге жазылу көлемін арттырады деп сенеміз.

Әңгімелескен

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ, «Egemen Qazaqstan»