К 30-летию Независимости Казахстана | 01 наурыз 11:53

Air Astana EBITDAR көрсеткішін жақсартты

Әуе компаниясының 2021 жылғы қаңтар мен ақпандағы қаржы көрсеткіші 2017 жылдан бері ең жоғары деңгейіне жетті, деп хабарлайды SKnews.kz компанияның корпоративтік коммуникациялар жөніндегі департаментіне сілтеме жасап.

Былтыр пайда (EBITDAR) 33,1 млн АҚШ доллары көлеміне дейін төмендеп, 2019 жылдағы көрсеткішінен 81%-ға қысқарған болатын. Коронавирус індеті кесірінен толық немесе жартылай локдаун салдарынан, 2020 жылы тасымалдау көлемі 47%-ға, ал компания табысы 55%-ға төмендеді. Тасымалданған жолаушылар саны 28%-ға, яғни 3,7 млн адамға дейін азайды.

«Індеттің халықаралық саяхаттарға деген кері әсері айдан аңық болса да, әуе компаниямыз өз тұрақтылығын сақтап қала алды. Мамыр айында ішкі рейстер қайта жалғасып, FlyArystan бюджетті бөлімшеміздің жолаушылар саны 110%-ға өсті. Бір Boeing 767 ұшағын жүк ұшағына айналдыру арқасында әуе жүк тасымалының көрсеткіші де артты. Халықаралық бағыттардың біртіндеп қайта ашылуы мен жаңа курорттық бағыттардың ашылуы да өткен жылдың соңғы аптасында табыс деңгейінің және жүктеме коэффицентінің ұлғаюына алып келді. Бұл үрдіс биыл да сақталып, осы жылға жақсы мүмкіндіктер болжауға негіз беріп отыр», – деді әуекомпания президенті Питер Фостер.

Жақында Air Astana Мәскеу, Дубай, Ташкент, Франкфурт, Сеул, Бішкек, Киев, Ыстанбұл, Анталья мен Шарм-эль-Шейхке рейстерін қайта жалғастырып, сонымен қатар Мальдив аралдары, Матталаға (Шри-Ланка) және Хургадаға (Мысыр) қатынай бастады. 2020 жылы әуекомпания Boeing 757 пен Embraer 190 ұшақтарын өз әуе флотынан шығарып тастады. Енді негізгі халықаралық рейстерде әуекомпания Airbus 321 Long Range бен заманауи Boeing 767-ті қолданады.

«Індет салдарынан кейін нарықтың баяу қайта қалпына келуіне қарай әуекомпанияның бағыттар желісінің елеулі жаңартуы мен жоғары қызмет көрсету деңгейі өз пайдасын келтіреді», – деді Питер Фостер.