Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармонияда өткен кеште қазақ поэзиясының падишасы – Фариза Оңғарсынованың ізін жалғап, оқырмандарына жалынды жыр сыйлаған атыраулық ақын қыздар – Әлия Дәулетбаеваның, Гүлзада Ниетқалиеваның, Бақытгүл Бабаштың шығармашылығынан өлең-жырлар оқылды. Осы кештің мұнайшыларға тағы бір сыйы – қазақ-британдық пианист, халықаралық конкурстардың лауреаты Дина Дүйсен өнер көрсетті.
Айта кету керек, бұған дейін атыраулық ақын қыздармен кездесу барлық мұнай-газ өндіру басқармаларында ұйымдастырылған болатын.
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Махамбет сыйлығының иегері, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, «Ембімұнайгаз» АҚ гимнінің авторы Әлия Дәулетбаевамен «Жылыоймұнайгаз» басқармасының, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Атырау облыстық «Сарайшық» журналының бас редакторы Гүлзада Ниетқалиевамен кездесу «Жайықмұнайгаз» басқармасының, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің бас жүлдегері, республикалық «Алтын қалам», «Үркер-үміт» әдеби байқауларының жүлдегері Бақытгүл Бабашпен «Қайнармұнайгаз», «Доссормұнайгаз» басқармасы ұжымдарымен кездесу болды. Басқармаларда өткен шығармашылық кеште мұнайшылар ақын қыздардың өлеңдерін оқып, әндерін шырқады.
Ал, облыстық филармонияда болған қорытынды кеште мұнайшылар ақын қыздардың өлеңдерінен үзінділер тыңдап, шетелдік сахналарда өнер көрсетіп жүрген Дина Дүйсеннің орындауындағы Шопеннің, Чайковскийдің, Римский-Корсаковтың туындыларын тыңдады.