ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен "Самұрық-Қазына" қоры мен "ҚТЖ" ҰК" АҚ жүзеге асырудағы "Медициналық пойыздар" жобасының мақсаты еліміздің әрбір облысының шалғай аудандарының тұрғындарын тегін алғашқы медициналық-санитарлық және консультациялық-диагностикалық көмекпен қамтамасыз ету болып табылады.
Ахметжан Есімов дәрігерлерді жоба маусымының аяқталуымен құттықтап, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету Қор үшін маңызды мәселе болып қала беретінін атап өтті.
"Әлемде әр кәсіптің өз мәні бар. Бірақ сіздердей адамға шипа сыйлайтын мейірімді жандардың орны ерекше. Соңғы 5 жылда әлеуметтік маңызды жобаларға Қор 60 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді, 1 миллионнан астам адам қамтылды. Осы жобаларды іске асыра отырып, біз азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, адамдардың лайықты медицина мен білімге қол жеткізуі үшін ұмтыламыз. "Медициналық пойыздар" жобасы еліміздің шалғай өңірлерінің тұрғындарына сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндік береді", - деді Ахметжан Есімов.
Биыл Қазақстанның шалғай бекеттерінде заманауи диагностикалық жабдықтармен жарақталған "Денсаулық" және "Жәрдем" медициналық пойыздары дәрігерлік көмек көрсетті. Жұмыс барысында барлығы 238 жоғары білікті дәрігер Қазақстанның алыс жатқан өңірлерінің 67 000-нан астам тұрғынына ем-дом жасаса, оның ішінде 11 000-нан астамы балалар болды. 273 елдімекенді аралаған медициналық пойыздарда 209 249 дәрігерлік қабылдау болды. Жолдың жалпы ұзындығы - 29 203 шақырымды құрады.
2018 жылы жоба 124 бекетті қамтыды, 42 306 тұрғынға медициналық көмек көрсетілді, дәрігерлік қаралудың жалпы саны 192 000-ды құрады.
"Елде біз дәстүрлі түрде көрсететін көмек түрлері әрқашан қолжетімді емес елдімекендер бар. Сондықтан барлық бағыттар бойынша көлік медицинасын дамытуға ден қойдық. Сондай-ақ, жылжымалы медициналық пункттер де бар, олардың жалпы саны 60 мыңға дейін жеткізіледі. Бұл халыққа жақыннан ұсына алатын технологиялар. Осыны ескере отырып, бұл жұмысты жалғастырамыз",- деді Денсаулық сақтау министрі.
Дәрігерлердің айтуынша, медициналық пойыздардың ел аумағы бойынша қатынауы кезінде онкологиялық аурулар, пневмония, несеп-тас және өт тас аурулары, жүрек-қантамыр жүйесі аурулары анықталған. Көру қабілеті бұзылған, сондай-ақ қант диабеті, демікпесі және асқазан жарасы бар емделушілер жиі байқалған. Оқыс оқиғаларда зардап шеккендерге дереу жәрдем жасалған. Мәселен салтанатты кеште марапатталған "Жәрдем" пойызының аға медбикесі Дана Сағынбекова мотоциклде аударылған 8 жасар баланың ішінен қан кетіп, оған қысылтаяң сәтте алғашқы көмек көрсетілгенін еске алады.
"Сапардың басы, Жамбыл облысындағы кішкентай ғана амбулаториясы бар шағын бекетке тоқтаған жаз айлары еді. Бүлдіршінді бірден УЗИ-ге түсіріп, мән-жайды анықтаған соң ауруханада жедел ота жасалды. Қазіргі сәтте анасымен хабарласып тұрамыз, бұйырса таяуда астанаға оңалтуға әкеледі", - деп әңгімеледі SK News тілшісіне Дана Нұржанқызы.
Емделушілер тарапынан ақ халатты абзал жандарға алғыс білдіруге арнайы келген, жылда тиісті пойызды асыға күтетін жандардың қатарындағы Түркістан облысы Леңгір бекетінің тұрғыны Ақбота Қарабалаева доңғалақ үстіндегі емханада барлық тексеруден өтіп, құнды кеңестерді тыңдаған жеткізді. Нәтижесінде әрі қарайғы тыңғылықты емге жол ашылған.