Елді мекенде 1300-ден аса оқушы бар. Балалар 250 және 270 орынға шақталған екі ескі корпустан тұратын мектепте білім алуда. «Оқу сыныптарының тапшылығынан сабақтарды тіпті дәлізде өткізген кезеңдер болды»,- дейді ұстаздар қауымы. Бүгінде қолайсыздықтардың барлығы артта қалды. Қабанбай батыр ауылының мұғалімдері мен ұл-қыздары жаңа әрі жайлы мектеп-лицейге ауыспақ. Оқу процессі қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.
Нысан ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Мердігер ұйым – «Қазстройподряд» ЖШС. 3 қабатты білім ошағындағы әр кабинет заман талабына сай жарақталған, барлық компьютер мен интерактивті тақталар жоғары жылдамдықты интернетке қосылған.
Бастауыш пен жоғары сынып оқушылары жекелеген блокта білім алады. Балалардың жас ерекшелігіне орай блоктардың әрқайсысы оқу сыныптарымен, санитарлық тораптармен, спорт залдарымен және жеке заттарды сақтауға арналған шкафтармен қамтылған. Ерекше қажеттілігі бар балалар үшін инклюзивті кабинет, пандус пен жеделсаты қарастырылған.