Иранға арнайы іссапармен барған Маңғыстау облысының делегациясы Мазандаран провинциясының губернаторымен кездесіп, екіжақты байланысты арттыру мәселелерін талқылады.
«Екі ел Президенттерінің Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымын 3 млрд долларға жеткізу жайындағы келісімі бар. Сол межеге жету үшін бар мүмкіндікті жүзеге асыруға ынталымыз. Маңғыстау облысында бірлескен 52 кәсіпорын бар. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы, жеміс-жидек, көкөніс өсіру мен туризм бағытында жаңа жобаларды іске асыруға шақырамыз. Бүгінде Маңғыстау Қазақстанның үздік туристік аймақтары тізімінде. Былтыр 1320 ирандық Маңғыстау өңіріне саяхаттап келген. Екі аймақ арасындағы жаңа ашылған әуе қатынастары биыл бұл санды бірнеше еселеуге жол ашады деп сенемін», - деді Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев.
Мазандаран провинциясының басшысы Хосейни Пур Каспий теңізі арқылы шектесіп жатқан қос өңір арасындағы әріптестік ынтымақтастықтың дами түсуіне мүдделі екенін жеткізді.
«Маңғыстау мен Мазандаранды көп нәрсе байланыстырады. Біздің провинцияның 480 шақырымы теңіз жағалауы бойында орналасқан. Үш ірі теңіз портымыз арқылы Маңғыстау порттары арасында жүк тасымалын жандандыруға мүмкіндік зор», - деді ол.
Сонымен, енді Сариден Ақтауға тікелей әуе кемелері ұшатын болды. Бұған дейін Мазандаранның Горган қаласымен арада ұшақ қатынайтын.