«Қазіргі таңда әлемдік экономикадағы туризмнің үлесі 9,2 пайызды құрап, 9,5 трлн долларға жетті. Ал, Қазақстанның туризм саласы экономиканың тек 3,9 пайызын ғана алып отыр. Бүгінгі таңда, Қазақстанда туризм саласының дамуына кедергі жасап отырған бірқатар түйткілді мәселе бар. Біріншіден, бұл – туристік инфрақұрылымның әлсіздігі. Атап айтқанда, туристік аумақтар тамақтану және гигиеналық орындармен тиісті деңгейде қамтылмаған. Бұдан бөлек, логистика мәселесі бар. Мысалы, туристердің көптеп баратын жеріне айналған Алакөлге апаратын поездың жағдайы жан түршіктіреді. Сондай-ақ, шалғай туристік мекендерде сапалы байланыстың жоқ екені де белгілі. Аталған мәселені шешу үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті қолдана отырып, автомагистральдардың әр 100 шақырымында толығымен қамтылған қонақ үй ашу қажет. Бұл үрдіс бірқатар Еуропалық елдерде кеңінен таралған», - деді ол.
Оның айтуынша, екіншіден, Қазақстанда 2021 жылдан бастап Туризм мен спортты қолдау бюджеттен тыс қоры жұмыс істеп келеді. Қордың мүлікті пайдалану туралы есептеріне сәйкес, 2021-2022 жылдары 51 млрд теңге тек спорт саласына ғана бөлінген. Ал, туризмді дамытуға мүлдем қаражат бөлінген жоқ. Сондай-ақ, қордың Жарғысына туризмді дамытуға қатысты ереже тек өткен жылы ғана енгізілген.
«Осыған байланысты аталған қордан бөліп шығару арқылы «Туристік саланы дамыту қорын» құруды қарастыруыңызды сұраймын. Бұл туристік салаға бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалуын арттырады деп сенемін. Үшінші мәселе – қолөнер саласындағы кәсіпкерліктің баяу дамуы. Бұған себеп – шеберханалар мен қолөнер туындыларын туристерге сатуға арналған бірегей алаңның жоқтығы. Осыған орай, басым туристік аумақтарда қолөнершілер орталықтарын ашу және өзара интеграцияланған қолөнер маркетплейсін құру ұсынылады. Төртіншіден, Қазақстандық туризмнің тартымдылығына көп көңіл бөлу қажет. Осыған қатысты министрліктеріңізді ірі шетелдік компаниялармен, оның ішінде CNN, EuroNews, BBC телеарналары, Netflix, Amadeus ағындық алаңдарымен ынтымақтастық орнатуға шақырамын. Сондай-ақ, елге бірінші рет келген туристерге тегін байланыс карталарын беру ұсынылады. Бесіншіден, бүгінгі таңда саяхаттаудың танымал түрі болып табылатын кеме круизі саласында өзгерістер жоқтың қасы. Дегенмен, Қазақстан үшін Каспий теңізі бұл саланы дамытуға жақсы мүмкіндік береді. Осыған қатысты, Ақтау портында теңіз вокзалын салу және осыған қатысты инфрақұрылымды құру мәселесін қарастыруды сұраймын», - деді Нұргүл Тау.
Депутаттың атап өтуінше, алтыншыдан, қазір елге келген шетелдік турист Google іздеу жүйесіне «Қазақстанның көрнекті орындары» деп ағылшынша терсе, бірінші 10 сілтеменің арасынан қазақстандық ресми сайтты таба алмайды.
«Бізде бар eQonaq қосымшасын қазақша «қонақ» сөзін түсінбейтін турист Google іздеу жүйесінде қайдан табады? Сондықтан осы мәселені де қолға алу ұсынылады. Жетіншіден, Еңбек кодексіне сәйкес жұмыскер вахталық жұмыста 30 күн болса, тағы 30 күн демалуы тиіс. Дегенмен, көптеген туристтік объектілер жылына 90 күн ғана істейді. Сондықтан, кәсіпкерлер бір орынға жылына кемінде екі жұмыскер ауыстыруға мәжбүр. Бұл туристтерге көрсетілетін қызмет сапасына кері әсерін тигізіп қана қоймай, кәсіпкерлерге қосымша шығын әкеледі. Бұл мәселені шешу үшін туристтік саланың ерекшелігін ескере отырып, қарастыруды ұсынамын», - деді ол.