К 30-летию Независимости Казахстана | 13 қазан 11:35

Ақтөбе облысында теміржолшы отбасында өмірге үшем келді

Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық станциясында бүгін шілдехана. Теміржолшы жігіттің шаңырағында Мұстафа, Мүслім, Мұхаммед есімді үшем өмірге келді.  

Шұбарқұдық локомотив айналым депосында (ТД 3) көмекші машинист  болып еңбек ететін Әсет Сатаев бір сәтте шекесі торсықтай үш ұлдың әкесі атанғанына сенер-сенбесін білмей дал. Оған дейін де 4 балалы отбасында енді 7 бала бар деген сөз.    

«Үшем екенін естігенде қуандық әрі қорықтық. Құдайға шүкір, бәрі сәтімен өтіп, әйелім аман-есен босанды. Нағашыларымда егіздер бар. Әйелімнің арғы аталарында да егіздер болған. Бірақ тұқымымызда үшем бізде ғана туды”, – деді Әсет Сатаев.  

Теміржолшы жігіт келіншегін Ақтөбедегі перинаталдық орталықтан шығарып алды. Айтуынша, жұбайы босану орталығына бір ай бұрын түскен. Сосын дәрігерлер кесарь тілігі арқылы босандырып алған. 

«Ананың да, балалардың  да жағдайы жақсы. Сәбилердің салмағы 1700-1470- 1350 гр, бойлары 35-40 см болып туды», – деді перинаталдық орталықтың бас дәрігері Гүлшат Темірбаева.  

Айта кетсек, биылғы жылдың 9 айында облыстық перинаталдық орталықта 5600-ден астам нәресте дүниеге келген. Оның 76-сы егіз, төртем – жалғыз.  

Ардақ Ерубаева