К 30-летию Независимости Казахстана | 30 сәуір 12:45

Алатау Жарық Компаниясында жасанды интеллектке ие жүйе енгізіледі

«Самұрық-Энерго» АҚ деректерді талдау технологиямен жұмыс істей бастады. Цифрлық трансформациялау бағдарламасы жобасының мақсаты электр энергиясын бақылау мен есепке алудың автоматтандырылған жүйесінде (ЭКЕАЖ) жиналған деректерге талдау жүргізу болып табылады. Бұл шара «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ желілеріндегі нормативтен тыс ысыраптарды уақытылы анықтауға көмектеседі.

Электр энергиясының коммерциялық ысыраптарын азайту – электр желілерін дамытуға, тұтынушыларды электрмен жабдықтаудың сенімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған ақша қаражатын түсірудің ұтымды жолы мен нақты көздерінің бірі.

Электр желілеріндегі электр энергиясының коммерциялық ысыраптары – үнемділіктің маңызды көрсеткіші, электр энергиясын есепке алу жүйесі жай-күйінің көрнекі көрсеткіші.

«Осы жоба аясында біз қолданыстағы ЭКЕАЖ-бен біріктірілетін жүйе енгізуді, электр энергиясы желілеріндегі есепке алу құрылғыларынан көрсеткіштерді жинауды, электр энергиясының кемуін жедел анықтап, дер кезінде дабыл қағуды жоспарлап отырмыз", – деді «Самұрық-Энерго» АҚ Өндіріс және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Серік Түйтебаев.

Жобалық команда қазіргі уақытта электр энергиясын болжамдық тұтыну және болжамды автоматтандырылған түрде нақты тұтынумен салыстыру моделін құруда. Одан кейін трансформаторлық қосалқы станциялардың өздерінде жіберілетін және қабылданатын электр қуатына қатысты электр желілеріне заңсыз қосылу деректері анықталатын болады. «АЖК» АҚ станцияларында 200 мыңнан астам есептеуіш құралдары орнатылған, желілерде нормативтен тыс ысыраптар анықталған жағдайда осы аспаптар арқылы жүйелі түрде көрсеткіштер алынбақ. Бүгінгі күні жоба бойынша жүйені енгізуге тендерлік рәсімдер құжаттары әзірленуде.

Жоба бойынша күтілетін пайда шамамен 600 млн теңгені құрайды.

Жобаның аяқталу мерзімі: 2022 жылғы желтоқсан.