К 30-летию Независимости Казахстана | 31 қаңтар 15:00

Алатау Жарық Компаниясының автопаркі 65 көлік пен арнайы техникамен толықты

«Алатау Жарық Компаниясы» алып шаһар Алматы қаласы мен ауданы бойынша алғы шепте тұрған, еліміздің оңтүстік өңірінің шаруашылығының тамырына қан жүгіртіп отырған компания.

Былтыр компанияда ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылды. Атап айтар болсақ, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасын жүзеге асыру аясында жалпы ұзындығы 150 шақырымға жуық кабельдік желілердің құрылысын, 85 трансформаторлық қосалқы стансаларды қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтады.

Алматы қаласының тарихи орталығы саналатын Арбат, яғни Жібек жолы даңғылының бойында орналасқан белгілі демалыс және сауда орнында үлкен жұмыс атқарып, жер астымен жіберілген кабельдік желілерді ауыстырды. Алматы облысындағы өндірістік аймағы саналатын Көкөзек пен Қайназар ауылдарында жаңа қосалқы станция салынса, Өтеген батыр, Талғар мен Қарасай аудандарында қосалқы станцияларды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, компанияның механикаландыру және көлік басқармасының техникалық базасына да ерекше көңіл бөлініп, ескірген көліктерді жаңғырту мәселесі қолға алынды. 

Биылғы жыл компания үшін жақсы жаңалықпен басталып, компанияның Басқарма төрағасы Абай Асылов қалалық және облыстық электр желілерін тарату басқармалары мен механизация және көлік басқармасына 65 жаңа көлік пен арнайы техниканың кілтін салтанатты түрде табыс етті. 

 

Компания автопаркі бригадалық фургондар, аэроплатформалар, самосвалдар, эвакуаторлар, автокрандар мен манупуляторлар және жер қазатын тракторлар түріндегі мамандандырылған көліктерімен толықты.

«Қазіргі қолданыста жүрген ескірген автокөліктерімізді жаңарту жұмысына көңіл бөлінбегені анық. Автопаркіміздің ескіргені  салдарынан көп жұмыстарымыз уақытылы аяқталмай,  шегеріліп келді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін былтыр күрделі жұмыстар атқарылып, нәтижесінде жаңа арнайы техникаларға қол жеткіздік. Барлық көліктер облыстық және қалалық электр тарату аймақтарына беріледі. Бұл техникалар күштеріңіз бен уақыттарыңызды үнемдеуге септігін тигізіп, электр желілеріндегі жаңарту мен жөндеу жұмыстарын уақытылы және сапалы аяқтауға жәрдемдеседі деп білемін. Көліктеріміз сынбай, ел игілігіне қызмет атқарсын», – деді «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Абай Ноғайұлы.

Қолданыста жүрген ескірген көліктер мен техникаларды жаңарту компания жұмысшыларының жағдайын жақсартуға, сапалы әрі заманауи техникалармен жабдықталған жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың бастамасы болмақ. Себебі, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ автопарк көліктерін жаңғырту жұмыстарын жалғастырмақ.