Алқалы жиында Үкімет басшысы еліміздің көлік саласын дамыту барысына тоқталып өтті. Оның айтуынша, Қазақстанды «транзиттік хаб» ретінде қалыптастыруға ерекше басымдық беріліп отыр. Қазіргідей геосаяси жағдайда оның өзектілігі арта түсуде.
«Қазақстанның көлік жүйесін халықаралық дәліздермен интеграциялау бізді аймақтағы негізгі транзиттік мемлекет ретіндегі позициямызды сақтауға мүмкіндік береді. Транзиттік және экспорттық мүмкіндіктерімізді әртараптандыруға мүмкіндік беретін Транскаспий халықаралық көлік бағдары мен «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі негізгі бағдар саналады», – деді Әлихан Смайылов алқа отырысында.
Ақтау мен Құрық теңіз порттарын кешенді дамыту жұмыстарын тездету қажеттігін айтқан премьер-министр «Ақтау теңіз порты» АЭА базасында көліктік-логистикалық хаб құруды жандандыруды баса айтты.
Сондай-ақ ол Қазақстанның транзиттік-көлік әлеуетін одан әрі дамыту үшін ҚТЖ-ны ұлттық көлік-логистикалық компанияға трансформациялау жұмыстарын сапалы жүргізу қажеттігін жеткізді.
«Өткен жылдың қарашасында «Достық-Мойынты» теміржолы учаскесінің екінші жолының құрылысы басталды. 2026 жылға дейін «Алматы станциясының айналма жолы», «Дарбаза-Мақтаарал», «Бақты-Аягөз» жобаларын аяқтау жоспарланған. Таяу үш жылдың ішінде 1,3 мың шақырым теміржол салынады. Осы негізгі инфрақұрылымды теміржол жобаларын жүзеге асыруды жеделдету қажет», – деді Ә. Смайылов.
Үкімет басшысы сонымен қатар тұтынушылар тарапынан жиі сынға ұшырайтын теміржолдың жылжымалы құрамын жаңарту мәселесі өзекті болып отырғанын жеткізді. Әсіресе, вагондар мен локомотивтерді жаңарту бойынша жұмыстар жүргізу қажеттігін айтты.
Үкімет басшысы сондай-ақ жыл соңына дейін отандық теміржол машинасын дамытудың кешенді бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.
Жиын барысында елдегі автожолдардың жай-күйі де сөз болды. Смайылов жолдардың көбі жөндеуді қажет ететінін айта келе онда үнемі жол апаты болып, адамдар опат болып жатқанын жеткізді.
«Жөнделген жолдардың сапасы сын көтермейді, жөнделген учаскелерде проблемалар қайта пайда болып жатыр. Бұл жұмыстар халық үшін емес, жолшыларға бола жасалатындай. Бұл мәселені ерекше бақылауға алу керек», – деді үкімет басшысы.