К 30-летию Независимости Казахстана | 28 қазан 12:10

АлЭС пен Алатау жарық компаниясының туы Үлкен Алматы шыңында желбіреді

«Самұрық-Қазына» қорына қарасты АЖК, АлЭС, Қазақ Газ, КТЖ атты компанияларының белсенді жастары Тянь-Шань тауының ең ері, ең биік болып саналатын Үлкен Алматы шыңына шығып қайтты.

Үлкен Алматы шыңы өзгелерден ерекшеленіп тұр – пирамида пішініндегі шың – Алмаарасан шатқалының биік шыңдарының ішіндегі ең жақыны. Шыңға көтерілу оңай болмағанмен, оған бару үшін ерекше дайындық пен құрал-саймандар қажет емес. Бастысы, жақсы аяқ киім мен діттеген мақсатыңызға жетуге деген ұмтылыс болса болғаны!

Дегенмен, салауатты өмір салтын ұстанатын жастарымыз бұл жолы ерекше дайындықпен барып, ауа-райының кереметімен тұспа-тұс келген ғажап көріністерді өз көздерімен бақылаған. Сонымен қатар, бұндай шыңдарды тек арнайы осы сала спортшылары ғана емес, өмірге деген, табиғатқа деген құштарлығы бар кез-келген адамның еш қиындықсыз бағындыра алатындығын дәлелдеді.

 

Шыңға көтерілер жолда тағы бір кереметті байқамай қалу мүмкін емес. Көк-жасыл суымен бірден байқалатын үлкен Алматы көлі құдды бір мұз айдыны іспетті көрініс береді. Кез-келген адамның ыстық ықыласына бөленетін бұндай мекендер бұл аймақта көптеп кездеседі. Бір қызығы үлкен шыңымыз біздерді Қырғызстан елімен шекаралас етеді. Сондықтан, бұл жерде шекара жасақтарын кездестіріп қалсаңыз таң қалмаңыз.

Бұл жолғы сапар жастарымыздың тек өмірге деген мотивацияларын шыңдап қана қоймай, елімізге, отанымызға деген махаббатарын одан сайын арттырған. Сондай-ақ, 3680 метрді құрайтын бұл биіктік кез-келген адам баласына үлкен ой салмай қоймайды. Осыншама биіктікте орналаса тұра, өз баурайына келген қонақтарын құшақ жая қарсы алатын бұл табиғат кереметі, кез-келгенді ғажап сезім, мықты жігермен қайтарады.

 

Бұндай саяхаттарды өздерінің әдетіне айналдырған бұл белсенділер, өз қолдарымен жасаған әдемі кадрларымен де әлеуметтік желілерінде бөлісіп, көптің қызығушылығын арттырған. Өзіндік миссияларын ғана орындап қана қоймай, басқада жандарға насихат жасау арқылы еліміздің туризм саласына айтарлықтай үлестерін қосып кетті десек те болады. Дегенмен, жастарымыздың айтуынша бұл әлем кереметін аралап, барлық көрінісін толық бақылап шығуға бір күн аздық етеді.

Осы орайда «Самұрық-Қазына» АҚ жастар кеңесінің Алматы қаласы бойынша төрағасы Нәби Перизат: «Бұл біздің алғашқы сапарымыз емес. Үлкен Алматы шыңы біздер, белсенді жастардың үйреншікті мекеніне айналған. Салауатты өмір салтын ұстанатын әріптестерімнің ынта-жігеріне қарап өз басым өте мықты мотивация аламын. Кез-келген сапарды қолдай кететін мұндай достарым барда мына мен Гималай шыңына да ойланбастан кетіп қалар едім. Сондай-ақ, денсаулық пайдасынан бөлек рухани байлық жинап қайтуға үлкен мүмкіндігін беретін үлкен Алматы шыңымызға да сапарымыздың соңғысы емес деп ойлаймын. Әліде зерттелмеген, көрінісіне көз тоймаған сюжеттер жетерлік. Сондықтан да, дәл осындай табиғат аясына арналған саяхаттарымызды көбейту біздің алдағы жоспарларымыздың тізімінде үлкен әріппен түртіліп тұр» – деп, өзінің алған әсерімен бөлісті.