Жобаның іске асырылу барысын «Samruk Kazyna Construction» АҚ мен Алматы қаласының басшылығы онлайн форматта өткен жиын барысында талқылады. Шараға Басқарма Төрағасының орынбасары Амангелді Саттаров, ұлттық жобаны іске асыру бойынша әкімшілік-қаржылық департамент директоры Ербол Ахметов және Алматы әкімі Ерболат Досаев қатысты.
Мегаполистегі бірнеше жайлы мектептің құрылыс алаңында шешуді талап ететін проблемалар бар. Мәселен «Самғау» мен «Теректі» ықшам аудандарында 2000 орынға арналған оқу ошағын тұрғызу үшін аумақты кеңейту қажет. Ұқсас жағдай Егізбаев көшесі мен «Ақбұлақ» ықшам ауданында салынатын білім нысандары бойынша да туындауда. Samruk-Kazyna Construction өкілдері жергілікті атқарушы органдарға іргелес жатқан жер телімдерін мектеп учаскесіне қосып алу қажеттігін жеткізді. Қосымша аумақ жайлы мектепті төрт жақтан кіреберіс жолдармен қамтып, автотұрақ жасау үшін керек. Алматы қаласының әкімі болашақ оқу орындарының жеріне байланысты барлық мәселе жақын арада шешілетінін айтты. Сәйкес тапсырманы Ерболат Досаев өз мамандарына жүктеді.