Жиын барысында «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мониторинг тобының жетекшісі Қуат Жылқыбаев ұлттық жобаға қатысу үшін бизнесмендерге қойылатын талаптарды қайталап шықты. Атап өтілгендей, жайлы мектептерге жиһаз тек отандық өндірушілерден сатып алынады. Ол үшін кәсіпкерлер «Самұрық-Қазына» қорының және «Атамекен» ҰКП отандық өндірушілер тізіліміне енгізілуі тиіс. Бизнес өкілдерінде «СТ-KZ» сертификаты және/немесе индустриялық сертификатының болуы да маңызды. Соңғы талап - компаниялар «ҚазҚСҒЗИ» АҚ қалыптастыратын сәулет, қала құрылысы және құрылыс каталогына (АГСК) енгізілуі қажет.
Талаптарға сай келмейтін кәсіпкерлерге асыққан жөн. Сертификаттарды алып, жоғарыда аталған базаларға енгізілгеннен кейін, бизнесмендерге ұлттық жобаның есігі ашық. Іскер жандар бірінші және екінші кезекте қолданысқа тапсырылатын жайлы мектептерді жабдықтау процесіне атсалыса алады.
Өз кезегінде бизнес өкілдері жиһаздың дизайн-жобасын бекітуді сұрады, яғни өндіріске кірісу үшін материалдың түсін анықтау керек. Шаруа жобалау мен құрылысқа жауапты бірыңғай дирекциямен жүзеге асырылып жатыр, апта соңына дейін кәсіпкерлер қажетті ақпаратпен толық қамтылмақ.
Сонымен қатар Samruk-Kazyna Construction Алматы әкімдігімен жайлы мектептерге арналған жиһаз бен техниканың тізімін бекіту ісін жүргізеді. Білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Сайлаубай шаруаның маңыздылығын атап өтті. Басымдық заманауи және сапалы өнімдерге берілмек.