К 30-летию Независимости Казахстана | 26 қараша 17:48

Алматы облысында бесінші жайлы мектеп ашылды

Алматы облысы Қарасай ауданы Көкөзек ауылында тағы бір жайлы мектептің ашылу салтанаты өтті. Бұл облыста ұлттық жоба аясында ел игілігіне тапсырылған бесінші нысан болды. Ашылу рәсіміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Әбдірахым Нұрлан Ерғалиұлы, ұстаздар, ата-аналар және оқушылар қатысты.

Көкөзек ауылында ашылған бұл мектеп бір ауысымда 1500 оқушыны қабылдай алады. Жалпы ауданы 15 мыңнан астам шаршы метрді құрайтын нысанның құрылысына бас мердігер «BIGlobal» ЖШС жауапты болды. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың мамырында басталып, 2024 жылдың қараша айында, яғни жоспарлы мерзімнен екі ай бұрын аяқталып, пайдалануға берілді.

Мектепте еліміздің басқа аймақтарындағы жайлы мектептер сияқты барлық қажетті жағдайлар жасалған. Жобалық қуатының жоғары болуына байланысты мектепте 4 спорт залы қарастырылған. Оның екеуі бастауыш сыныптарға, қалған екеуі жоғары сыныптарға арналған. Ең бастысы, бұл мектеп елді мекендегі оқушы орны тапшылығы мәселесін толық шешті.

Нысанның орталық блогында 312 орындық акт залы, музыка кабинеті, хореография залы және асхана бар. Асхана балалардың жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше аймаққа бөлінген. Жайлы мектептерде оқушылар үшін жеке кеңістікпен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген. Мысалы, оқушылар бос уақыттарын коворкинг аймақтарында, заманауи кітапхананың оқу залында немесе жылы күндері мектеп ауласында өткізе алады.

Жайлы мектеп оқушыларға терең білім алуға, спортпен шұғылдануға, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысуға және шығармашылық тұрғыдан дамуға барынша жағдай жасап отыр. Бұл білім ошағы барлық мүмкіндіктерді бір жерде тоғыстырып, заманауи, кең әрі әр шаршы метрі тиімді ұйымдастырылған оқу ордасына айналды. Ұстаздар қауымы заманауи техникалық жабдықтардың сабақтарды қызықты форматта өткізуге және оқулықтағы теориялық материалдарды тәжірибе арқылы көрсетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.