К 30-летию Независимости Казахстана | 30 қыркүйек 13:40

Алматы облысында үшінші жайлы мектеп ашылды

Алматы облысы Қарасай ауданындағы Долан ауылында тағы бір еңсесі биік, заманауи технологиямен жабдықталған 1200 орындық білім ордасы қолданысқа берілді. Осымен облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында үшінші жайлы мектеп бой көтерді.

Ашылу салтанатына ауданға жұмыс сапарымен келген аймақ әкімі Марат Сұлтангазиев арнайы қатысып, ізгі тілектерін білдірді.

Жаңа заманауи жайлы мектепте балалар үшін функционалды және қауіпсіз білім беру ортасы құрылған. Бастауыш және жоғарғы сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған. Сондай-ақ, мұнда ерекше қажеттілігі бар балалар үшін кедергісіз орта қалыптастырылып, заманауи пәндік кабинеттер, STEM-зертханалар, робототехника сыныптары, хореографиялық зал, төрт спорт залы, коворкинг пен демалыс аймақтары, ойын және спорт алаңқайлары және басқа да игіліктер жасақталған. Қауіпсіздік шараларына баса назар аударылып, цифрлық бейнекамералар мен турникеттер орнатылған.

 

Сонымен қатар, облыс басшысы іргелес жатқан Сауыншы ауылындағы құрылыс материалдарын өндіретін «BMG Holding» зауыты мен Көкөзек ауылындағы «Imagine Аpple Logostics» логистикалық кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Аталған өндіріс орындары инвестиция тарту аясында жүзеге асырылып жатқандығын хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Білім беру саласындағы «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы ҚР Президенті Қасым- Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатыр. Ал «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мектептердің құрылысына жауапты бірыңғай дирекция болып табылады.