«Қала мен қала маңындағы көлік байланысын жақсарту үшін біз қосымша қала маңынан қаладағы көлік хабтарына дейін 30 бағдарды, Алматы-2 станциясынан Қонаев қаласына дейін электр пойызын іске қосамыз, осылайша Алматы-3 теміржол вокзалының құрылысын бастаймыз», – деді Ерболат Досаев.
Айта кетсек, Алматыдағы екі теміржол вокзалы да ескі, сонау Түрксібпен қатар салынған Алматы-1 вокзалының орнына 1976 жылы бүгінгі вокзал салынған, оған да жарты ғасырға жуық уақыт өткен. Ал 1939 жылы пайдалануға берілген Алматы-2 вокзалы 1977 жылы қайта жаңғыртудан өткізілсе, 2012 жылы толықтай күрделі жөндеу жүргізілген. 1984 жылы бұл ғимарат қалалық депутаттар кеңесі комитетінің шешімімен сәулет және қала құрылысы ескерткіші болып танылып, содан бері ол мемлекет қамқорлығына алынды және Алматы қаласының тарихи және мәдени ескерткіштері тізіміне тіркелді.
Осыған қоса үшінші вокзал туралы ұсыныс бұрыннан айтылып келеді. Жүк және жолаушылар пойыздарының ағынын жеңілдету үшін жаңа станция керек. Мамандар Саин көшесі барып тірелетін Боралдай ауданында магистральдық жол тартуды және Алматы-3 вокзалын қаладан батыс бағытқа қарай салуды ұсынған. Ол жерден станция ашып, вокзал салынса, бүкіл батыс өңірі қамтылатын болады. Алатау және Наурызбай ауданының тұрғындары Алматы-2 вокзалына келмей-ақ қалаға кіре алады деп болжам жасалып отыр.
Алматы теміржол торабының жалпы ұзындығы – 69 шақырым. Алматы-1 мен Алматы-2 станцияларын қоса есептегенде торап құрамына 9 станция кіреді. Осыған орай қала агломерациясын дамыту бойынша бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде Алматы-1–Алматы-2 желісінде екінші жол құрылысын, Алматы-2 станциясында қала маңындағы теміржол тасымалы үшін вокзал құрылысын, Алматы-1–Талғар бағытында жүк және жолаушылар теміржол торабының құрылысын, Алматы–Ұзынағаш трамвай желісі құрылысын салу туралы да мәселе көтеріліп жүр.
Алматы әкімдігінің жоспары бойынша Алматы-1 вокзалына метро станциясын қосып, келген-кеткен жолаушылар қалаға бірден шығатындай мүмкіндік жасауды көздейді. Бұл қаладағы көлік жүктемесін де айтарлықтай жеңілдетпек.
Райхан Рахметова,
Дереккөз: «Қазақстан теміржолшысы»