Туризм комитеті, «Өзбекстан темір жолдары» АҚ және «Қазақстан темір жолы» АҚ бірлесіп ұйымдастырған шара аясында, саяхат пойызының екі ел арасындағы туризмді дамытуда маңызды рөл атқаратыны айтылды.
Саяхат пойызы Қазақстаннан Өзбекстанға 100-ге жуық турист жеткізді. Жоспар бойынша алғашқы кезеңде пойыз аптасына бір рет қатынайды. Алдағы уақытта оның сапарларының саны арта түспек.
115 жолаушыға арналған бұл бес күндік саяхат 2024 жылдың 16-20 қараша аралығында өтеді. Туристер Түркістанда бір күн, ал Ташкентте екі күн аялдап, осы қалалардың басты көрікті және қызықты орындарына барады. Жолаушылардың жайлылығы үшін барлық экскурсиялар кәсіби гидтердің қатысуымен ұйымдастырылады.
Айта кетейік, «Өзбекстан темір жолдары» АҚ 2013 жылы іске қосқан «Orient Silk Road Express» туристік пойызы жыл сайын шамамен 15 рейс жасап, әлемнің әр түкпірінен келген туристерге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан мемлекеттеріне саяхаттау мүмкіндігін ұсынып келеді.