- Марат Амангелдіұлы, Қазақстанда мемлекеттің негізін құрайтын отбасы институтына жеткілікті назар аударылып отыр деп айта аламыз ба?
- Жалпы алсақ, мемлекет тарапынан балалардың құқығы мен мүддесін қорғау ең елеулі мәселелердің бірі болып саналады. Қазақстанда балалы отбасыларға әлеуметтік жан-жақты қолдау көрсетіледі деп нық сеніммен айтуға болады, оларға түрлі санаттағы кешенді әлеуметтік жәрдем шаралары қарастырылған.
Енді көпшілікті қызықтырар тақырыпқа тікелей көшсек, болашақ ана өміріндегі ең маңызды оқиғаға – баланың тууына дайындалу барысында жұмыс орнынан жүктілігіне және босануына байланысты демалыс ресімдейтіні аян. Ол үшін 126 күнтізбелік күнге еңбекке жарамсыздық парағы беріледі, ал ауыр босану немесе екі және одан да көп бала туған жағдайда 14 күнге ұзартылады.
- Демек бұл тұста да нақты жеңілдіктер қарастырылған ғой?
- Иә, әрине. Мәселен, ядролық сынақ аумақтарында тұратын әйелдерге еңбекке жарамсыздық парағы 170 күнтізбелік күнге, ал ауыр босанғанда, екі және одан да көп бала туғанда тиісінше 184 күнге беріледі.
Сонымен қатар, мерзімінен ерте босанған жағдайда еңбекке жарамсыздық парағының басқа да нұсқалары қарастырылған. Ал, егер отбасы баланы асырап алса, асырап алған ата-ананың біреуіне жұмыс орнынан тиісті демалыс беріледі. Бұл ережелер Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 99-бабында бекітілген.
- Осы айтылған мәселелерге қатысты Сіздердің мекемелеріңіздің атқаратын рөлі қандай?
- Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) қаражатынан аналардың жүктілігіне және босануына байланысты төлем барлық демалыс күндеріне тағайындалады және ол бірден төленеді.
Жүктілігіне және босануына байланысты төлем мөлшері әйелдің жұмыс істеген соңғы жылдың табысынан төленген әлеуметтік аударымдарға байланысты болады.
Ананы сақтандыруды енгізуден бастап күні бүгінге дейін 1,5 милионнан астам нәзік жанды біздің мекемеден жүктілігіне және босануына байланысты жалпы сомасы 428 млрд теңге әлеуметтік төлем алды.
Жұмыс орнынан да өзінің жұмыскеріне жүктілігіне және босануына байланысты демалысын төлеуі мүмкін, бірақ мұндай төлемдер еңбек немесе ұжымдық шартта қарастырылуы керек. Мұндай жағдайда әйелге берілетін төлем МӘСҚ-тан жүктілігіне және босануына байланысты төленген төлемді шегеру есебімен жүзеге асырылады.
- Жәрдемақы жайын жан-жақты түсіндіре кетсеңіз...
- Баланың өмірге келуі отбасы өміріндегі сүйінші сұрарлық ең зор қуаныш десек қателеспеспіз. Көптеген жас ата-аналар үшін ұзақ күткен перзентінің дүние есігін ашуына байланысты төленетін жәрдемақы едәуір қаржылық қолдау екені де рас.
Қазақстанда бюджет қаражатынан әрбір сәбидің дүниеге келуіне байланысты жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері туған баланың кезектілігіне қатысты реттеледі. Егер бірінші, екінші немесе үшінші бала болса, онда 2018 жылы отбасына 91 390 теңге төленеді ( 38 айлық есептік көрсеткіш, АЕК). Егер төртінші немесе одан кейінгі бала туған жағдайда, отбасы 151 515 теңге алады (63 АЕК). Ал бірден екі немесе одан көп бала дүниеге келген кезде жәрдемақы әр бала үшін жеке төленеді. 2018 жылы 1 АЕК сомасы 2 405 теңгені құрайтынын білесіздер.
Болашақ ана жұмыс істеген жағдайда бала бір жасқа толғанға дейін отбасы МӘСҚ-тан бала күтіміне ай сайын әлеуметтік төлем алады. Ал жұмыс істемеген болса, бұл төлем мемлекеттік бюджеттен беріледі.
Жұмыс істейтін нәзік жандар үшін сәбиі 1 жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне байланысты МӘСҚ-тан төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері бала туғанға дейін соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды.
2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2018 жылдың 30 маусымына дейін МӘСҚ-тан 1 жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне байланысты 2 млн жуық адам жалпы сомасы 466 млрд теңгеге жуық әлеуметтік төлем алды.
- Жасыратыны жоқ, әр адам бейнетінің зейнетін көргісі келетіні, яғни қарттық шағының алаңсыз болғанын қалайтыны даусыз. Бүгінгі таңда заң жүзінде де зейнетақы көлемінің жұмыс өтіліне байланысты айқындалатыны бекітілді. Балаға қараймын деп жұмыстан қол үзетін аналар не істейді?
- Рас, жаңа туған нәресте көп күш-жігер мен қамқорлықты қажет етеді, бала күтімі кезінде ана жұмыс істемейді. Сондықтан жинақтаушы зейнетақы жүйесінде қатысу кезеңінде үзілістердің болмауы үшін, әйелдердің зейнетақы есебіне бала 1 жасқа толғанға дейінгі әлеуметтік төлемінен ай сайын 10% мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналары аударылады. Әйелдердің зейнетақы жинақтары көлемін арттыру мақсатында Қазақстанда 2014 жылдан бастап қосымша міндетті зейнетақы жарналарының мөлшерін субсидиялау енгізілді. Сөйтіп, бала 1 жасқа толғанға дейінгі демалыста болған уақытта әйелдердің жинақтаушы зейнетақы шотына бюджет есебінен қосымша міндетті зейнетақы жарналары аударылады.
Бала туғанға дейін жұмыс істемеген әйелдерге жәрдемақы мемлекеттік бюджет тарапынын төленеді. Мемлекеттік бюджеттен төленетін 1 жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақының мөлшері тұрақты, туған баланың кезектілігіне байланысты болады және 2018 жылы:
бірінші балаға - 13 853 теңге (5,76 АЕК);
екінші балаға - 16 379 теңге (6,81 АЕК);
үшінші балаға - 18 880 теңге (7,85 АЕК);
төртінші және одан көп балаға - 21 405 теңгені (8,90 АЕК) құрайды.
- Сізден естіген мағлұматтар оқырмандарымызға пайдалы болады деп ойлаймыз. Сөз соңын әлеуметтік төлемдерге қол жеткізу үшін қайда баруға болатынымен қайырсаңыз...
- Әлеуметтік төлемдерді алу үшін тұрғылықты жеріндегі Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет. Ал, егер, өтініш берушіде электронды қолтаңба болған жағдайда, бала 1 жасқа толғанға дейінгі әлеуметтік төлемді үйден шықпай-ақ e.gov электрондық үкімет порталында ресімдеуге болады.
Жалпы, бала-шағалы шаңырақтарды мемлекеттік қорғау бірқатар әлеуметтік-экономикалық және басқа да қолдау тетіктері арқылы кешенді түрде жүзеге асырылады.
Жұмыс істейтін әйелдерге еңбек заңнамасы бойынша құқықтар мен кепілдіктер қарастырылған. Бала үш жасқа толғанға дейін жұмыс орнынан еңбекақысы сақталмайтын демалыс беріледі. Осы демалыс уақыты кезінде жұмыс орны (лауазымы) сақталады.
Әлеуметтік төлемдерден басқа, көпбалалы аналарға, «Батыр-ана» атанған, «Алтын алқа», «Күмiс алқа» төсбелгілермен марапатталған аналарға салық жеңілдіктері қарастырылған. Жергілікті атқарушы органдар да атаулы әлеуметтік көмек арқылы көп балалы отбасыларға қолдау көрсетеді.
Осы шараларды жүзеге асыру отбасын сақтау мен қолдауға бағытталған. Өйткені әрбір отбасы мемлекеттің негізі болып есептеледі.
- Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рахмет! Игілікті істерге арқау болған Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының ұжымына табысты белестер тілейміз!