К 30-летию Независимости Казахстана | 23 қазан 16:09

Ардагер Қазақстанды велосипедпен аралағысы келеді

Жұмабай Отарғалиев Ақтөбе облысының жарты бөлігін велосипедпен аралап шыққан ардагер теміржолшы. 65 жастағы ақсақал алдағы уақытта бүкіл Қазақстанды «шайтанарбамен» шарлап шығуды жоспарлап отыр.

Саналы ғұмырын сүйікті кәсібіне арнаған теміржолшы қалай «шайтан арбамен» достасқанын әңгімелеп берді. «Теміржол саласында 40 жылдай қызмет жасадым. Екі жыл бұрын зейнеткерлікке шыққан соң ермек үшін велосипед теуіп жүріп  қызығушылығым оянды. Темір жолдың бойын жағалап Қандыағаш, Шұбар, Қарауылкелді, Сағыз станцияларына бардым. Ақтөбе мен Атыраудың арасын үш күнде жүріп өттім. Күндіз жүріп, түнде станцияларда демалып аламын. Алдағы уақытта Қызылорда мен Оралға бармақпын. Бұл сапарларым сәтті шықса, тағы да басқа облыстарға барып, Қазақстанды аралап шықсам деп армандаймын», – дейді Жұмабай Отарғалиев.  

Ақтөбе теміржол бөлімшесіндегі спорт бөлімінің белді мүшесі әу бастан тұрақты түрде салауатты өмір салтын ұстанады. Спортты қызметіммен ұштастыра жүріп, волейбол, жүгіру секілді бірнеше спорт түрінен жарыстарда бәйгенің алдын бермеді. 2006 жылдан бастап Ақтөбе бөлімшесінің құрама командасының мүшесіне алынды. «Қандай жарыс болса да белсене қатысамыз. Соның арқасында Алматы, Шымкент, Өскемен, Павлодар және Қостанай қалаларында өткен талай додаға барып бақ сынадық», – дейді Жұмабай Отарғалиев.

Ардақ ЕРУБАЕВА,

Ақтөбе